Алматыда Ахуалдық және Дағдарыс орталықтарына қанша студент жүгінді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда еліміздегі үздік жоғары оқу орындары шоғырланған. Сондықтан мегаполиске жыл сайын білім іздеп келетін студенттердің саны артып келеді.
Бірақ тәлімгерлер саны артқан сайын оларды орналастыру мәселесі де ушығып келеді. Мәселен, биыл Үкімет отырысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Алматы қаласынан басқа өңірде жатақхана тапшылығы жоқ екенін айтты.
Әсіресе, оқу жылы басталарда жатақханада орын жетіспегендіктен, хостел, жалға беретін пәтер аралап кететін жастар көбейеді. Тіпті бұрын студенттердің далада қонып жүрген деректері де тіркелген.
Мұндай жағдайдың алдын алу үшін биыл тамыз айында Алматыда студенттерге жатақхана табуға көмектесетін Ахуалдық орталық ашылды. Кейінірек студенттерге психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсетіліп, уақытша баспана берілетін Дағдарыс орталығы есігін ашты.
Қазір жаңа оқу жылы басталғанына 1 айға жуық уақыт өтті. Осы орайда, Ғылым және жоғары білім министрлігіне сауал жолдап, аталған орталықтардан қанша тәлімгер көмек алғанын анықтадық.
Ахуалдық орталық
Ведомствоның Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағаның орынбасары Ақерке Абылайханның жауабына сәйкес, Алматы қаласындағы Ахуалдық орталық Қазақ ұлттық педагогикалық қыздар университетінің базасында 2025 жылғы 1 тамыз - 15 қыркүйек аралығында тәулік бойы жұмыс істеді.
- Орталықтың негізгі мақсаты – жоғары оқу орындарының жатақханаларына қатысты ақпарат беру және көмек көрсету. Осы уақыт аралығында Ахуалдық орталыққа 2 500 адам хабарласқан. Көптеген өтініштер Алматы қаласының жоғары оқу орындарына, сондай-ақ басқа өңірлердің университтеріне қатысты (Астана, Ақтөбе және Қарағанды қ.) түскен. Барлық түскен өтініштер бойынша омбудсмендермен, жоғары оқу орындарыныңбасшыларымен бірге жұмыстар жүргізіліп, өтініштерді жедел қарастырылып, туындаған барлық мәселе жедел түрде шешілді, - деді ол.

Дағдарыс орталығы
Одан бөлек Ақерке Абылайхан Дағдарыс орталығы М.Тынышбаев атындағы ALT университетінің Масанчи көшесі, 88 мекенжайында орналасқан №4 Студенттер үйінде ашылған және орталық 13 тамыз бен 3 қыркүйек аралығында жұмыс жүргізгенін атап өтті.
- Көрсетілген уақыт аралығында Дағдарыс орталығына 19 студент жүгінді, - деп нақтылады комитет төрағасының орынбасары.
Сондай-ақ ол Дағдарыс орталығының басты міндеттері студенттерге уақытша тұрғын үймен көмек көрсету, әлеуметтік-тұрмыстық немесе психологиялық қиындықтарға тап болған студенттерге уақытша тұру мүмкіндігін ұсыну, құқықтық және ақпараттық кеңестер, сондай-ақ, әлеуметтік бағдарламалар жөнінде ақпараттар беру екенін түсіндірді.
Айтуынша, студенттер Дағдарыс орталығына жалдамалы пәтерден күтпеген уақытта шығарса, қаржылық қиындықтарға тап болғанда, төтенше жағдайлар (өрт, су тасқыны т.б.) салдарынан баспанасыз қалған жағдайда жүгіне алады.
- Дағдарыс орталығына жоғары оқу орындарының әлеуметтік бөлім немесе студенттік деканат арқылы, тікелей Дағдарыс орталығына барып өтініш беру, Call-орталық немесе онлайн портал (егер бар болса) арқылы өтініш қалдыру, жергілікті әкімдік немесе жастар ісі жөніндегі бөлім арқылы хабарласа алады. Сонымен қатар Дағдарыс орталығында білім алушы мәселесі шешілгенге дейін тұра алады, - деді ол.
Мегаполистегі жатақхана мәселесі
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, бүгінгі күні Алматы қаласында 162 жатақхана бар, оның ішінде: 86-сы (32 582 төсек-орын) жоғары оқу орындарының өз теңгерімінде, жалға алынған - 31 (8 066 төсек-орын), хостел - 41 (3 693 төсек-орын), қонақүй - 1 (406 төсек-орын).

Ал 1 қыркүйектегі жағдай бойынша Алматы қаласының жоғары оқу орындарында жатақханаға тапшылығы - 6 860 орын.
- 2025 жылға арналған жоспар республика бойынша 10 276 орынды құрайтын 29 жатақхананы іске қосуды көздейді. Оның ішінде: ЖОО үшін Алматы қаласында 2 356 орындық 11 жатақхана. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша жоғары оқу орындарының студенттері үшін 3 180 орындық 4 жатақхана (Астана қаласында 2 жатақхана, Алматы қаласында 2 жатақхана) пайдалануға берілді, - деп хабарлады министрліктен.
Сондай-ақ ведомство мәліметіне сәйкес, Алматы қаласында Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті 5,9 мың орындық 5 жатақхана салуды, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 5,2 мың орындық жатақхана салуды жоспарлап отыр.
- Қазіргі уақытта министрлік Азия Даму Банкінің техникалық көмегін тарта отырып, пилоттық жобаны іске асыруға дайындық жүргізіп жатыр. Әлеуметтік саладағы мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес, осы объектілерді салу мерзімі – 2026-2027 жылдар болып бекітілді, - делінген ведомство жауабында.
Еске салайық, Халықаралық білім беру корпорациясында студенттік жатақхана ашылды.