Алматыда ақылы тротуар тұрақтары іске қосылады

тұрақ
Фото: Алматы әкімдігі

Алматы қаласының Алмалы ауданында 11 желтоқсаннан бастап минуты үшін төлем жасалатын ақылы тротуар тұрағы жұмыс істей бастайды, деп хабарлайды Kazinform.

Алматы әкімдігінің мәліметінше, Алмалы ауданында 27 аймақ, 6504 тұрақ орны, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған 454 тұрақ орны бар.

Ақылы тротуар тұрағының жұмыс тәртібі: күн сайын сағат 8: 00-ден 19:00-ге дейін. Бір сағаттың құны 100 теңге. Уақытты есептеу көлік құралының тұрақ аймағында тоқтаған сәтінен басталады. Тұрақ ақысын алғашқы 15 минут ішінде төлеу қажет.

Тұрақ орны үшін алдын ала төлеуді келесі тәсілдермен жүргізу қажет:
- «парковки Алматы» мобильдік қосымшасы арқылы. Бұл қосымшаны Play Market немесе Apple Store арқылы телефонға жүктеуге болады;
- almaty-parking.kz сайтында;
- Kaspi.kz мобильдік қосымшасы арқылы ақпараттық тақталардағы QR-код бойынша;
- kassa 24 терминалы;
- Kcell, Activ, Beeline, Tele2, Altel абоненттерінің 1309 нөмірі бойынша SMS хабарлама жіберіп төлей алады. Төлеу үшін тақтада көрсетілген тұрақ нөмірін, көлік нөмірін және "*" белгісі арқылы сағат санын көрсету керек. Мысалы, 6021*123ААА02*1.

"Алматыпаркинг" КМК-да екінші деңгейлі банктер (Halyk bank, Centercredit, RBK, Jusan және Forte bank) арқылы QR-төлемді ықпалдастыру арқылы төлем тәсілдерін арттыру мүмкіндіктері белсенді түрде әзірленіп жатқанын хабарлады.

"Тротуар үлгісіндегі тұрақтар басқа аудандарда кезең-кезеңімен іске қосылады. Бұзушылықтар автоматты режимде, мобильді кешендермен (арнайы авто) тіркеледі. Ақылы тұрақ үшін төлеуден жалтарғаны үшін айыппұл 3 АЕК құрайды (ҚР 597-бабы, 4-1-б.). Бір жыл ішінде бұзушылықтар қайталанса, 5 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуге әкеледі. Алматы қаласының ақылы тұрақ аймағының шекарасында көлік құралдарын тегін қою құқығына жеңілдік санаты бар азаматтар ие", - деп хабарлады Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Өтініштер «eOtinish» сервисі арқылы онлайн, Almaty-parking.kz сайты арқылы немесе Алматы қаласы, Бостандық ауданы, Бәйсейітова көшесі, 40, н.л.71, 5 кабинетте қабылданады.

Байланыс орталығы: +7 (727) 390-8000 күнделікті сағат 8:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді.

 

Соңғы жаңалықтар
telegram