Алматыда ақылы жолды жеңілдікпен төлеуді ұсынатын жалған SMS-хабарламалар жіберілген

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Үлкен Алматы автомобиль айналма жолын (ҮАААЖ) басқарушы компания жүргізушілерге ескерту жасады.

ақылы жол, автожол
Фото: ҚазАвтоЖол

Компания мәліметінше, белгісіз нөмірлерден ҮАААЖ жолымен жүру ақысын бөгде сілтемелер арқылы жеңілдікпен төлеуді ұсынатын SMS-хабарламалар жіберу жағдайлары тіркелген.

- Мұндай хабарламалар алаяқтық сипатқа ие екенін еске саламыз. Өз қауіпсіздігіңіз үшін SMS-хабарламалар арқылы келген күмәнді сілтемелерге өтпеңіз. Жол жүру ақысын белгісіз немесе бөгде ресурстар арқылы төлемеңіз. Мұндай сілтемелер арқылы банк деректеріңізді және басқа да жеке ақпаратыңызды бермеңіз, - деп хабарлады BAKAD.

Алматыда ақылы жолды жеңілдікпен төлеуді ұсынатын жалған SMS-хабарламалар жіберілген
Фото: БАКАД / ЖИ

ҮАААЖ жүру ақысын жеке тұлғалар Kaspi Bank, Halyk Bank және Bank CenterCredit онлайн-банкинг қосымшалары арқылы «Төлемдер» бөліміндегі «БАКАД. Жол жүру ақысын төлеу» қызметі арқылы жүзеге асыра алады. Банк қосымшалары қолжетімсіз болған жағдайда, төлемді мына тәсілдер арқылы жасауға болады:

* Visa және Mastercard банк карталарын пайдалана отырып, https://webportal.barr.kz/login/ ресми веб-порталы арқылы;

* Qiwi-әмиян арқылы.

Кәсіпкерлік субъектілері (жеке және заңды тұлғалар) үшін төлем дербес шотты толықтыру үшін Оператордың есеп айырысу шотына банктік аударым жасау арқылы жүзеге асырылады.

Еске салайық, биыл тамыз айында Үлкен Алматы айналма жолында төлем жасау тәртібі өзгерді.