Алматыда Алатау даңғылы Жандосов көшесіне дейін ұзартылады

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда кейінгі жылдары маңыздылығы артқан қаланың батыс бөлігіндегі Алатау даңғылын ұзарту жоспарланып отыр.

Ремонт дорог жол жөндеу
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Бүгінде Алатау даңғылы Райымбек батыр даңғылынан Белжайлау көшесіне дейін созылып жатыр. Енді қала әкімдігі бұл жолды Белжайлау көшесінен Жандосов көшесіне дейін ұзартуды жоспарлап отыр. Ол үшін жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу жұмыстары басталды. Тиісті лот мемлекеттік сатып алу порталында орналастырылған.

Тапсырыс беруші – Алматы қаласы Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы. «Алатау даңғылын» Белжайлау көшесінен Жандосов көшесіне дейін ұзартуға жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу» жобасының техникалық ерекшеліктеріне сәйкес, жеңімпаз кешенді инженерлік-техникалық іздестірулер: топографиялық-геодезиялық, инженерлік-геологиялық және гидрологиялық жұмыстар жүргізуі тиіс. Сондай-ақ құрылыс аумағындағы жасыл желектерге орманпатологиялық зерттеулер жүргізу, трассаның жоспарын, көлденең және бойлық бейіндерін жасау, жарықтандыру жүйелері, жаяу жүргіншілер жолдары мен арнайы өткелдерін қарастыру, техникалық талаптарға сай келмейтін желілерді меншік иелерімен келісе отырып қайта құру қажет.

Лот жеңімпазы анықталған, ол – «Каздоринновация» ғылыми-зерттеу және өндірістік компаниясы» ЖШС. Бұл жұмыстарға 244 млн теңге бөлінді.

Еске салайық, Алатау даңғылы Абай даңғылы, Төле би көшесі және Райымбек батыр даңғылы сынды қаланың негізгі магистралды көшелерімен қиылысады. Мұнда көптеген тұрғын үй кешендері мен әлеуметтік нысандар орналасқан. Алдағы жылдары Алатау даңғылының бойында метроның бірінші желісінің үш аялдамасы салынуы тиіс. Сонымен қатар Алатау және Райымбек батыр даңғылдарының қиылысында «Барлық» көлік торабы болады.

Бұған дейін Алматы әкімі Барлық базарына дейінгі метро желісінің құрылысы басталғанын хабарлады.