Алматыда алты магистральды көше ұзартылады

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыдағы ұзартылатын алты магистральды көшенің жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. 

алты көше ұзартылады
Фото: Алматы әкімдігі

Қалалық мобилділік басқармасының мәліметінше, Төле би көшесін Яссауи көшесінен қала шекарасына дейін ұзарту бойынша жер телімдерін сатып алуға байланысты жол-құрылыс жұмыстары және инженерлік желілерді қайта құру жүргізіліп жатыр. Ұзындығы 4,5 км жоба екі учаскеге бөлінген. Жұмыс 2025 жылдың соңына дейін аяқталады.

Биыл ұзындығы 4,3 км болатын Хмельницкий көшесін «Қайрат» шағын ауданынан Талғар тас жолына дейін ұзарту және Райымбек даңғылын Жетісу көшесінен Талғар тас жолына дейін ұзартып салу бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастау жоспарланған. 

«Биыл ұзындығы 0,6 шақырым болатын Мұқанов көшесін Райымбек даңғылынан Мақатаев көшесіне дейін ұзарту жұмыстары басталады. Осы аумақтар бойынша жобалық құжаттама әзірленіп, сараптамада жатыр. Жер телімінің алынуына қарай Жұбанов көшесін Момышұлы көшесінен қала шекарасына дейін ұзарту жұмыстары жүргізіледі. Жоба бойынша жалпы ұзындығы 3,9 км болатын 2 кезек қарастырылған. Аяқталу мерзімі - 2026 жылдың соңына дейін», - делінген хабарламада.

Бұған қоса, 2024 жылы ұзындығы 0,3 км болатын Оңғарсынова көшесін Райымбек даңғылына дейін ұзару жұмыстарын бастау жоспарланып отыр. Қазіргі таңда жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.

Басқармадан атап өткендей, осы жылдың соңында Сейфуллин даңғылы мен Жансүгіров көшесінің қиылысындағы жолайырық ашу көзделген. Сондай-ақ Саин көшесі мен Мөңке би көшесінің қиылысында жолайырықты пайдалануға беру жоспарда тұр. 

Сонымен бірге жыл соңына дейін Саин көшесін Рысқұлов даңғылынан Ақын Сара көшесіне дейін және Абай даңғылын Строительная көшесінен қала шекарасына дейін ұзарту жұмыстары аяқталады.

Соңғы жаңалықтар