Алматыда «Алтын жас» бағдарламасымен 355 зейнеткер жұмысқа орналасты
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматыда «Алтын жас» бағдарламасы арқылы зейнет жасынан асқан 355 тұрғын жұмысқа орналасты. Зейнеткерлерді жұмысқа орналастыруға арналған әлеуметтік бағдарлама жаз кезінде алғаш рет іске қосылды.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, мамандар бағдарламаны бастамас бұрын зейнеткерлер арасында сауалнама жүргізген. Оның нәтижесі 80 жасқа дейінгі зейнеткерлердің жартысына жуығы еңбек еткісі келетінін көрсеткен.
«Әрбір жұмыс беруші егде жастағы қызметкерді жұмысқа ала бермейді. Зейнеткерлердің тәжірибесі мен энергиясы үшін «Алтын жас» бағдарламасы өте тиімді болды. Оның ерекшелігі – зейнеткерлік жастағы адамдарды жұмысқа қабылдайтын жұмыс берушілерге қызметкер жалақысының 50% -ы субсидияланады, бірақ субсидияланатын сома 85 мың теңгеден аспауы керек», - деп хабарлады әкімдіктен.
«Алтын жас» бағдарламасына қатысудың басты талаптары – Алматыда тіркелу және мегаполисте тұрақты тұру. Бағдарламаға қатысуға өтінішті онлайн режимінде [email protected] арқылы немесе Еңбек мобилділігі орталығына (Достық даңғылы, 85, 2 қабат, каб. 201 а) барып беруге болады.
71 жастағы Ерболат Мұстафин «Алтын жас» бағдарламасы арқылы жеке компания басшысының көмекшісі ретінде жұмысқа тұрған.
«Менің зейнетке шыққаныма 8 жыл болды. Жас ұрпаққа беретін құнды тәжірибем бар. Бұл бағдарлама зейнеткерлер үшін өте пайдалы. Егер адамның білімі, жұмыс істеуге деген құштарлығы болса, ол заңды түрде жұмыс істей алуы керек. «Алтын жас» бағдарламасы біз үшін үлкен қолдау», - деді Ерболат Мұстафин.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда жұмысқа орналасуға көмектесетін қандай бағдарламалар бар екенін жазғанбыз.