Алматыда апатты көпірдің орнына жаңасы салынды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматының Жетісу ауданындағы жаңа көпір 22 қарашада ашылады.

Алматы көпір
Фото: Алматы қаласының әкімдігі

Алматы әкімі Ерболат Досаев «Кемел» шағын ауданында Есентай өзені бойына салынып жатқан көпірді аралап көрді. Бұған дейін мегаполис басшысының тапсырмасы бойынша көпірдің апатты жағдайына қатысты қозғалыс жабылған болатын. 

Өткен ғасырдың 1960-шы жылдары салынған көпір құрылымы ешқашан жөнделмеген және жарамсыз болып қалған. Маусым айында жүргізілген техникалық зерттеу нәтижиесі оның апатты екенін анықтады.Осыған байланысты Төтенше жағдай аясында жаңа көпір салу туралы шешім қабылданды.

Бастапқыда көлік қозғалысын қазан айының соңында ашу жоспарланған болатын. Алайда, топырақ құрылымына байланысты жоспарланған 9 метрдің орнына 29 метрлік бұрғылау қадаларын орнату қажет болды.

Алматы көпір
Фото: Алматы қаласының әкімдігі

Сонымен қатар, арнайы техниканың негізін дайындау кезінде өзен арнасында көпірдің жаяу жүргіншілер бөлігі құлады.Осылайша, жұмыстың мерзімі ауыстырылды.

Қалалық мобилділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаев айтып өткендей, қазір қадаларды орнату және сынау, тіректерді, тіреу қабырғаларын орнату, арқалықтарды монтаждау және инженерлік желілерді қайта құру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ сынақтан өтті.

Қайта жаңарту бойынша көпірдің ұзындығы 16,8 – ден 33 метрге дейін, ені 8,5-тен 14,5 метрге дейін ұлғайтылады. Сонымен қатар, екі жағынан 1,5 метр тротуар салу жоспарда.

«Көпір бірнеше шағын аудандар мен жақын маңдағы елді мекендердің тұрғындары үшін көлік байланысын қамтамасыз етеді. Бұл маңызды инфрақұрылымдық нысан, сондықтан құрылыс мүмкіндігінше қысқа мерзімде жүргізілді. Геология топырақтың тұрақсыздығын анықтады, сондықтан қадаларды шамамен 30 метр тереңдікке орнату туралы шешім қабылданды, көпір ұзындығы бойынша екі есеге жуық ұлғайтылды. Жұмыстың негізгі көлемі орындалды, қозғалысты келесі аптаның соңына дейін ашып, содан кейін жаяу жүргіншілер бөлігі мен іргелес аумақ бойынша жұмыстарды аяқтау қажет», - деп атап өтті Ерболат Досаев.

Естеріңізге сала кетейік, жаңа көпір салу бойынша жөндеу жұмыстары аяқталғанға дейін аталған учаскені айналып өту Мұхамеджан Сералин көшесі арқылы қамтамасыз етілді. 

Соңғы жаңалықтар