Алматыда апаттық жөндеу жұмыстарына байланысты көше жабылады

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда электр желілеріндегі апаттық жөндеу жұмыстарына байланысты көлік қозғалысы уақытша шектеледі.

Алматыда апаттық жөндеу жұмыстарына байланысты көше жабылады
Фото: Александр Павский/Kazinform

«Алатау Жарық Компаниясы» АҚ мәліметінше, 31 қазан мен 7 қараша аралығында Медеу ауданында № 2353 жоғары кернеулі 220 кВ электр кабель желісінде жүргізілетін апаттық-қалпына келтіру жұмыстарына байланысты көлік қозғалысы уақытша шектеледі.

Шектеулер Ұлар көшесінен Ладушкин көшесімен қиылысқа дейінгі жол бөлігін қамтиды. Жөндеу жұмыстары Ладушкин көшесіндегі № 125 үйдің маңында жүргізіледі. Аталған аумақта жол бойының астында орналасқан электр кабелі зақымданған.

Алматыда апаттық жөндеу жұмыстарына байланысты көше жабылады
Фото: Алматы әкімдігі

Компанияның мәліметінше, бұл желі «Ерменсай» және «Бесағаш» қосалқы станцияларын байланыстыратын Алматының айналмалы электрмен жабдықтау жүйесіне кіреді. Кабельдің зақымдануына байланысты желі уақытша тұйықталмаған схема бойынша жұмыс істеп тұр. Бұл энергия жүйесінің басқа элементтеріне түсетін жүктемені арттырады.

Ақауды жою үшін мамандар жол жабыны мен бетон науаны ашып, кабельдің зақымданған бөлігіне қол жеткізуі қажет. Одан кейін жөндеу жұмыстары жүргізіліп, желіні қайта іске қосар алдында тиісті сынақтар өткізіледі.

— Апаттық-қалпына келтіру жұмыстары тәулік бойы жүргізіледі. Жұмыс аяқталғаннан кейін жол жабыны толық қалпына келтіріледі. Жөндеу жұмыстары Алматы қаласы мен Алматы агломерациясын электрмен жабдықтау жүйесінің қалыпты жұмыс тәртібін қалпына келтіру үшін қажет, — деп хабарлады «Алатау Жарық Компаниясы».

Еске салайық, бұған дейін Алматыда 1 ай бұрын жөнделген жол қайтадан қазылып жатқанын жазғанбыз.