Алматыда әріптес қызды ұрды деген күдікпен спорт шебері қамалды
АЛМАТЫ.KAZINFORM - Алматыда құрылыс дүкендерінің бірінде жанжал шығып, арты төбелеске ұласқан.
Жәбірленуші қыздың айтуынша, оған әріптесі шабуыл жасаған.
Әлеуметтік желіде тараған видеода қыздың көзінің айналасы көгергені көрінеді. Сондай-ақ ол ауруханада миы шайқалғаны анықталғанын, көру қабілеті нашарлап, өзін жайсыз сезініп жүргенін айтты.
Сөзінше, жігіт спорт шебері екен.
Қыздың сөзінше, бастапқыда полиция оның арызын қабылдағысы келмеген. Кейін eOtinish арқылы өтініш жолдағанымен, одан соң да ешкім хабарласпаған.
Жәбірленуші оқиғаның видеосын бөлісті.
Алматы қалалық полиция департаменті оқиға қаладағы құрылыс дүкендерінің бірінде болғанын мәлімдеді. Әріптестер арасындағы жанжал кезінде ер адам әйелге күш қолданған. Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
19 жастағы күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Тергеу барысында бейнебақылау камераларындағы жазбалар зерттелген. Оның нәтижесінде оқиғаның қосымша мән-жайлары анықталған. Атап айтқанда, видеоларда әйелдің де әріптесіне соққы жасағаны тіркелген. Полиция оның әрекеттеріне де заң аясында баға берілетінін хабарлады.
Сонымен қатар департамент қылмыстық істің тіркелмегені және сот-медициналық сараптама тағайындалмағаны туралы ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін айтты.
- Тергеу жалғасып жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы объективті әрі жан-жақты анықталады. Заң алдында бәрі тең, – деді Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Еске салсақ, Алматыдағы Меладзе концертінде төбелес шығарған әйел 5 тәулікке қамалды.