Алматыда ашылатын италиялық және түрікмен сауда үйлері туралы не белгілі
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда бірнеше мемлекеттің ресми сауда үйлері ашылады. Kazinform агенттігі бұл нысандардың жобасы қазір қандай сатыда екенін анықтап көрді.
Мамыр айында елордада өткен «Орталық Азия – Италия» бірінші саммитінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда италиялық сауда үйін ашуды ұсынды.
– Біздің елдер арасындағы сауданы кеңейтуге сауда үйлері мен логистикалық орталықтарды ашу арқылы елеулі серпін беруге болады. Осы орайда Алматы қаласында итальян сауда үйін құру ұсынылады, - деді Президент.
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, жарты жылға жуық уақыт ішінде Италия тарапы жобаны пысықтап, оны жүзеге асыруға дайын екенін растаған. Ведомство вице-министрі Айдар Әбілдабеков биыл 14 қазан күні қазақстандық делегацияның Италияға жасаған жұмыс сапары аясында екі ел сауда қауымдастығының кездесуі өткенін атап өтті. Онда Италия тарапы сауда үйін ашуға дайындық бойынша қазақстандық серіктестермен бірлесіп жүргізілген жұмыстар туралы хабарлаған.
– Жоба ұйымдастырушылық іске асырудың соңғы сатысында тұр: орналасу орны анықталған, тұжырымдамасы бекітілген және инфрақұрылымдық дайындық аяқталған. Сауда үйінің құрамына іскерлік келіссөздер мен кездесулер өткізуге арналған аймақтар, бизнес-форумдар, таныстырылымдар мен институционалдық іс-шараларды ұйымдастыруға лайықталған конференциялық және көрме залдары кіреді, - делінген вице-министр жауабында.

Сонымен қатар Айдар Әбілдабеков сауда үйінің ішінде заманауи цифрлық инфрақұрылым құру, екі елдің өнеркәсіптік, дизайнерлік және технологиялық шешімдерін таныстыратын тұрақты көрме аймағын ұйымдастыру жоспарланғанын айтты.
– Шетелдік әріптестерге ынтымақтастық мүмкіндіктері мен мемлекеттік қолдау шаралары туралы өзекті ақпарат ұсыну мақсатында «Kazakh Invest», «QazTrade», «Kazakh Export» және «Kazakh Tourism» қазақстандық даму институттарының ақпараттық пункттерін орналастыру жоспарланған. Қазақ-Италия сауда үйі екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған тұрақты алаң және бизнесті қолдау орталығы болуға тиіс. Ол сауда мен инвестицияларды дамытуға жәрдемдесу, шетелдік инвесторларды сүйемелдеу, технологиялар мен білім алмасу, шағын және орта бизнесті халықаралық нарықтарға шығару, сондай-ақ іскерлік іс-шараларды ұйымдастыру мен бірлескен жобаларды ілгерілету сияқты қызметтерді жүзеге асырады, - деді ол.
Вице-министр жаңа сауда үйі бірлескен өндірістерді дамыту мен технологияларды елімізге әкелуге, сондай-ақ «Made with Italy» өнеркәсіптік ынтымақтастық моделін ілгерілетуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Түрікмен сауда үйі
Бұған дейін Қазақстан Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасындағы «Қазақстан Республикасы мен Түрікменстанда сауда үйлерін құру туралы» келісімге қол қою туралы» Үкіметтің қаулысы әзірленгенін жазғанбыз.
Бұл құжат бойынша Алматыда түрікмен, ал Ашхабадта қазақ сауда үйі құрылады. Сауда және интеграция министрлігі екі мемлекеттің нысандарын ашу мәселесі қандай сатыда екенін нақтылады.
– Қазіргі таңда келісім жобасы түрікмен тарапымен пысықталып жатыр және түрікмен тарапынан толықтырулар күтіледі. Келісім жобасы толық дайын болған жағдайда құжатқа қол қойылады. Түрікмен сауда үйін ашу үшін Қазақстан аумағы Алматы қаласында, Қазақстан сауда үйін ашуға Ашхабад қаласы анықталды, - деп хабарлады ведомстводан.
Айдар Әбілдабековтың айтуынша, Қазақстан-Түрікменстан сауда үйі – тек өнім көрмесі емес, экспортты қолдауға арналған экожүйе. Сауда үйі базасында тұрақты жұмыс істейтін жәрмеңке ұйымдастырылады, сондай-ақ логистикалық, маркетинг қызметін көрсетіледі және сауда-экономикалық миссиялар өткізілетін болады.
– Алдағы уақытта Алматы қаласында сауда үйін ашу мәселесі қол қойылған халықаралық құжаттарға, сондай-ақ басқа мемлекеттермен екіжақты келіссөздердің қорытындылары бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес, Сауда және интеграция министрлігімен жүзеге асыралатын болады, - делінген жауапта.

Шетелдік сауда үйлерінің маңызы қандай
KISI Жаһандық экономика және тұрақты даму бөлімінің бас сарапшысы Нұрсұлтан Усманов Алматыда шетелдік сауда үйлерінің ашылуы туралы пікір білдірді. Айтуынша, мұндай нысандардың ашылуы – екіжақты экономикалық байланыстарды жүйелі түрде нығайтатын маңызды құрал. Сауда үйлері тауар айналымын арттырудан бөлек инвестициялық, логистикалық және технологиялық ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.
– Біріншіден, сауда үйлері – экспорт пен импортты тікелей қолдайтын институционалдық алаң. Олар шетелдік тауарлардың Қазақстан нарығына тиімді шығуына, сондай-ақ отандық кәсіпорындардың жаңа нарықтарға қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік береді. Мұндай құрылымдар нарық туралы ақпарат жинап, маркетингтік талдау жүргізіп, бизнеске нақты коммерциялық қолдау көрсетеді. Екіншіден, сауда үйлері инвестиция тартудың арнасы. Шетелдік компаниялар Қазақстандағы бизнес-ортаны осы сауда үйлері арқылы жақсы түсінеді, серіктестер табады және өндірістік кооперация мүмкіндіктерін зерттейді. Бұл бірлескен кәсіпорындардың құрылуына, өңдеу өнеркәсібіндегі ықпалдастықтың артуына жол ашады, - деді ол.
Сондай-ақ саяси институт сарапшысы аталған нысандар логистикалық және сауда инфрақұрылымын жақсартуға әсер ететінін атап өтті. Сауда үйлері логистикалық хабтармен, қойма жүйелерімен, дистрибуция желілерімен байланысады, бұл – тауар жеткізу тізбегін оңтайландырады.
– Саяси тұрғыдан алғанда мұндай нысандардың ашылуы екіжақты сенім мен стратегиялық әріптестікті нығайтады. Сауда үйінің ашылуы – мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастың прагматикалық сипатта тереңдеп келе жатқанын көрсететін нақты белгі. Алматыда ауған, түрікмен және италиялық сауда үйлерінің ашылуы – Қазақстанның өңірлік және жаһандық экономикалық байланыстарын кеңейтуге бағытталған практикалық қадам. Ол елдің экспорттық әлеуетін күшейтіп қана қоймай, жаңа инвестициялар мен технологиялық серіктестіктерге жол ашады, - деп түсіндірді ол.
Еске салайық, биыл сәуір айында Кабулда Қазақстанның сауда үйі ашылуы мүмкін екені айтылды. Ал Беларусь елінде Қазақстанның сауда үйі ашылатыны хабарланды.
Нұрсұлтан Усманов Кабул, Минск, Ашхабад сынды өзге мемлекеттердің ірі қалаларында Қазақстан сауда үйлерін ашудың қандай маңызы бар екеніне де тоқталды. Оның сөзінше, мұндай нысандар Қазақстан экспортының географиясын кеңейтуге, жаңа нарықтарға тұрақты түрде шығуға және бизнес үшін институционалдық қолдау көрсетуге бағытталған.
– Біріншіден, Қазақстан сауда үйлері – экспортты ілгерілету орталығы. Олар қазақстандық өндірушілердің тауарларын жергілікті нарыққа таныстырып, зерттеулер жүргізіп, сауда алаңдарына шығуға көмектеседі. Бұл әсіресеғ азық-түлік, құрылыс материалдары, металл өнімдері және химия сияқты салалар үшін маңызды. Екіншіден, мұндай сауда үйлері бизнеске қызмет көрсететін бірыңғай терезе рөлін атқарады. Онда нарық және серіктестер туралы ақпарат беру, В2В кездесулер ұйымдастыру, көрмелер мен өнім таныстырылымдарын өткізу сынды қызмет түрлері ұсынылады, - деді сарапшы.
Ол еліміздің сырттағы сауда үйлері бірлескен кәсіпорындар құруға, агроөнеркәсіп, өндіріс және логистика салаларындағы кооперацияны тереңдетуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Еске салайық, 2025 жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында Қазақстанда жалпы аумағы 87,3 мың шаршы метрді құрайтын 54 сауда үйі пайдалануға берілді.