Алматыда ауаны мөлшерден артық ластаған көлік иелеріне айыппұл салынады

рейд
Фото: Алматы әкімдігі / Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматы қаласының экология және қоршаған орта басқармасы қалалық полиция департаменті және Табиғат қорғау прокуратурасымен бірлесіп, жылжымалы экологиялық зертхана мен 3 жылжымалы экологиялық бекетті тарта отырып, қаладағы көліктерден шығатын улы газ бен түтінінің деңгейін өлшеу бойынша рейд жұмыстарын жүргізіп жатыр. 

Алматы әкімдігінің мәліметінше, қалада жүк, жеңіл автокөліктер мен автобустар тексерілуде.

«Алматы қаласы әкімдігінің 2023 жылғы 1 ақпандағы №1/56 қаулысымен бекітілген Автокөлік көлік құралдарынан шығарындыларды өлшеуді жүзеге асыру жөніндегі қағидаларға сәйкес пайдаланылған газдардың уыттылығы мен түтінінің белгіленген нормаларының сақталуына мониторинг жүргізіледі. Бензин қозғалтқыштары бар автокөліктердің пайдаланылған газдарын өлшеу көмірсутектердің, көміртегі оксидінің, көмірқышқыл газының, оттегінің құрамына сертификатталған «АВТОТЕСТ-02.03» көп компонентті газ анализаторларымен жүргізіледі. Дизельді көліктердің пайдаланылған газ түтінін МЕТА-01 МП 0.1(ЛТК,К) өлшегішінің көмегімен тексеріледі», - деп хабарлады Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Шығарындыларда ластаушы заттардың болу нормативтерін бұзғаны үшін көлік құралдарының иелері ҚР ӘҚБтК–нің 334-бабы («Шығарындыларда ластаушы заттардың болу нормативтерін асыра отырып, автомотокөліктерді және басқа да жылжымалы құралдарды пайдалану») бойынша әкімшілік жауапқа тартылады, оған сәйкес жеке тұлғаларға-10 АЕК, заңды тұлғаларға-100 АЕК мөлшерінде ескерту немесе айыппұл көзделген. Жыл ішінде қайталанған жағдайда автокөлік иелеріне жеке тұлғаларға – 20 АЕК, заңды тұлғаларға - 200 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.

«2023 жылы қаланың периметрі бойынша орналасқан 19 стационарлық экопостта шамамен 213 011 өлшеу жұмыстары жүргізілді (бензин қозғалтқышымен - 206 492, дизель қозғалтқышымен – 6 519), олардың ішінде улы газ бен түтіннің белгіленген деңгейінің артуы барлық тексерілген автокөліктердің 15,4%-нан анықталды. 2023 жылы Алматы қаласы полиция департаментінің қызметкерлері 26 мыңға жуық әкімшілік хаттама жасады. Жалпы сомасы 207 414 000 теңгеге айыппұл есептелді, оның ішінде 145 272 765 теңге (70% өндіріп алу) өндірілді», - делінеді әкімдік хабарламасында.

Соңғы жаңалықтар
telegram