Алматыда Ауған соғысының ардагерлері тегін медициналық тексеруден өте алады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының барлық ведомстволық бағынысты амбулаторлық-емханалық ұйымында Ауған соғысының ардагерлері мен мүгедектеріне арналған Ашық есік күндері өтеді. Іс-шара Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай ұйымдастырылады.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, ардагерлерге кез келген медициналық және консультативтік медициналық көмек тегін көрсетіледі. Бұл ретте олар невропатолог, кардиолог, офтальмолог, ортопед және басқа да дәрігерлердің тексерісінен және ЭКГ, ФГДС, УДЗ, зертханалық зерттеулер сияқты медициналық тексерулерден өте алады. Тасымалдауға жарамсыз мүгедектер үшін үй жағдайында тексерулер ұйымдастырылады.
«Мұндай іс-шара жыл сайын осы күнді тойлау қарсаңында өткізіліп тұрады. Бұл біздің интернационалист жауынгерлеріміздің өмір сүру сапасын жақсартып, ауруды ерте анықтауға септігін тигізері сөзсіз», - деді Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының емдік-профилактикалық қызмет және мониторинг, талдау, цифрландыру мен мемлекеттік қызметтер бөлімінің меңгерушісі Ләйлә Иманғалиева.
Тексеру кезінде ауруханаға жатқызу үшін іріктеу жүргізіледі, көрсеткіштер бойынша күндізгі стационарға немесе үйдегі стационарлар ұйымына жолдама, шипажай мен курортта емделу үшін медициналық себеп бойынша анықтама беріледі.
«Аталған қабылдау туралы толық ақпарат қаланың медициналық ұйымдарының сайттары мен әлеуметтік желілерінде орналастырылды», - деп хабарлады әкімдікте.