Алматыда аулалардағы қураған ағаштарды кесу жұмыстары басталды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында Алматыда көппәтерлі тұрғын үйлердің аумағында шіріген ағаштарды санитарлық мақсатта кесу және орнынан алып тастау жұмыстары басталды.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, биыл 29 мамырдан 29 маусымға дейін ағаштарды санитарлық мақсатта кесу соғыс ардагерлері, зейнеткерлер, 1, 2 топтағы мүгедектігі бар адамдар, кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеп отырған жалғызбасты аналар сынды жалғыз өзі тұратын әлеуметтік осал топқа (ХӘОТ) жататын жандардың ауласында жүргізіледі.
«ХӘОТ-тен ағаштарды санитарлық мақсатта кесу бойынша өтінім Алматы қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында 338-30-24 телефон нөмірі бойынша қабылданады. Ағаштардың шірігенін анықтау үшін алдын ала тексеру жүргізіледі. Кейін аудан әкімдіктері тиісті іс-шаралар өткізеді», - деп хабарлады әкімдіктен.

Күн райының қолайсыз кезінде құлау қаупі бар апатты жағдайдағы ағаштарды алып тастау жұмыстары Алматыда ерекше бақылауда болады. Әсіресе ағаштардың жай-күйіне тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп отырады. Ауру, қураған, апатты жағдайда тұрған ағаштар кесіледі. Жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін ағаш кесу туралы шешім жалпыға бірдей қорытынды шыққан соң қабылданады. Оның орнына 10 есе мөлшерде көшет отырғызылады.
«Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны және «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында Алматы әкімі Ерболат Досаевтың бастамасымен мегаполисте бір айда 30 мыңнан астам жапырақты ағаш және 5 мың бұта отырғызылды, бұл Нью-Йорктің барлық орталық саябағынан көп.

«Алматы – бақ қала» акциясы барысында қаланың барлық ауданында 8 205 жасыл желек отырғызылды, оның 4 мыңнан астамы – алма ағашы. Тұрғындарға өз ауласын көгалдандыру үшін 3 мың көшет таратылды. «Мектеп ауласының оазисі» фестивалі аясында алматылық оқушылар 20 мыңнан астам гүл, 430 жеміс ағашы және 200 туя көшетін отырғызды.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Таза Қазақстан» республикалық акциясы елді мекендер аумағын көркейту мен көгалдандыруға, қоршаған ортаға ұқыпты қарау құндылықтарын қалыптастыруға, халық арасында жоғары азаматтық жауапкершілік пен экологиялық мәдениетті тәрбиелеуге бағытталған.