Алматыда автобус апатқа ұшырап, бір әйел көз жұмды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда қоғамдық көлік пен Mitsubishi соқтығысып, бір адам қаза тапты.

ДТП с автобусом произошло в Алматы
Фото: Видеодан алынған кадр

Жергілікті полиция қызметінің кезекші бөлімінен мәлім еткендей, жол-көлік апаты бүгін түскі сағат 14:48-де Алматының Жетісу ауданында болды.

«Mitsubishi» маркалы көліктің жүргізушісі Солтүстік айналма көшесімен солтүстік бағытта келе жатып, Бөкейханов көшесінің қиылысында жеке тасымалдаушыға тиесілі № 58-ші бағыттағы қоғамдық көлікпен соқтығысқан.

«Жол апаты салдарынан «Mitsubishi» көлігінде отырған әйел алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Адам өліміне әкеп соқтырған апат бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сараптама тағайындалды»,- деп хабарлады Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Еске салайық, 26 маусым күні Алматыда автобус апатқа ұшырап, бір адам қаза тапқан болатын. 

Жол-көлік оқиғасына «5:32» сериалының продюсері себепкер болған. 

Кейін күдікті деп танылған жеңіл көлік жүргізушісі Анель Сартаева тергеу уақытында үй қамағында болатыны туралы жазған едік. 

Айта кетейік, Алматының қоғамдық көліктері соңғы 4 жылда 920 мәрте жол апатына ұшыраған.