Алматыда автобус аялдамаға соғылып, бір әйел жапа шекті

Алматыда рөлге ие бола алмаған автобус жүргізушісі аялдамаға соғылды, деп хабарлайды Kazinform.

аялдама
Фото: https://t.me/almatytoday

Әлеуметтік желіге шыққан видеода 11 желтоқсан күні Ақан сері көшесімен келе жатқан №73 автобустың аялдамаға соғылғаны жазылған.

Алматы қалалық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметінің мәліметінше, жол апаты 11 желтоқсан сағат 20:28-де Түрксіб ауданында болған.

"Golden Dragon маркалы автобусты жүргізген 1991 жылғы К. есімді азамат Ақан сері көшесімен оңтүстік бағытта келе жатып, рөлге ие бола алмай кедергіге соғылған. Жол апаты нәтижесінде бір әйел медициналық көмекке жүгінді" - деп хабарлады қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Жол апаты дерегін Түрксіб ауданының полиция басқармасының қызметкерлері тексеріп жатыр.