Алматыда автокөліктерді эвакуациялау үшін бірыңғай төлем тәртібі ұсынылды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда қалалық мәслихат сессиясында көлік құралдарын коммуналдық арнайы тұрақтарға эвакуациялау және уақытша сақтау ақысын төлеудің бірыңғай тәртібін белгілеу ұсынылды.

Алматыда автокөліктерді эвакуациялау үшін бірыңғай төлем тәртібі ұсынылды
Фото: Алматы әкімдігі

Алматы қаласы Жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасының басшысы Ержан Диханбаевтың айтуынша, ұсынылып отырған өзгеріс ұсталып, арнайы тұраққа жеткізілген көліктерге қолданылады.

— Бұл барлық автокөлікті эвакуациялау жағдайларына қатысты емес. Ұсынылып отырған тәртіп көлік құралы әкімшілік құқықбұзушылық туралы заңнамаға сәйкес ұсталып, арнайы тұраққа жеткізілген кезде ғана қолданылады, — деді Ержан Диханбаев.

Жобаға сәйкес, көлік құралының барлық санатына эвакуациялау құны 3 АЕК не 12 975 теңге болады.

Ал автокөлікті уақытша сақтау үшін бөлек тариф қарастырылған.

Егер көлік иесі эвакуацияланған күні 18:00–ге дейін автокөлігін алып кетсе, сақтау ақысы алынбайды. Бұл жағдайда тек эвакуациялау құны төленеді.

Егер көлік сағат 18:00–ден кейін арнайы тұрақта қалса, сақтау ақысы көлік санатына қарай есептеледі. Алғашқы тәулікке төмендетілген мөлшерлеме белгіленеді.

Мәселен жеңіл автокөлікті сақтау құны алғашқы тәулікке 2,5 АЕК, кейінгі әр тәулікке 5 АЕК болады. Көліктің басқа санаттары үшін төлем мөлшері оның түрі мен сипаттамаларына қарай сараланады.

Не үшін жаңа тариф енгізілмек

Бұл тәртіпті енгізуге 2025 жылы «Жол жүрісі туралы» заңға енгізілген өзгерістер негіз болды. Оған сәйкес Астана мен Алматы мәслихаттарына коммуналдық меншіктегі арнайы алаңдар мен тұрақтарға ұсталған көліктерді жеткізу және уақытша сақтау ақысын белгілеу өкілеттігі берілді.

Тарифтерді есептеу кезінде эвакуаторларды пайдалану және күтіп ұстау, арнайы тұрақтардың тәулік бойы жұмыс істеуі, күзет, коммуналдық қызметтер мен инфрақұрылымды қамтамасыз ету шығындары ескерілген.

Қолданыстағы талаптарға сәйкес, эвакуаторлар мен қызметкерлер тәулік бойы жұмысқа дайын болып, арнайы тұрақтар бейнебақылау, жарықтандыру, қоршау, бақылау-өткізу пункті және тәулік бойғы күзетпен қамтамасыз етілуге тиіс.

Жоба заңнамада белгіленген рәсімдерден өтіп, қажетті оң қорытынды алған.

Құжат қабылданған жағдайда ұсталған көліктерді эвакуациялау және сақтау құнын есептеудің бірыңғай тәртібі енгізіледі.

Еске салайық, көлік қандай жағдайда айып тұрағына жеткізілетінін хабарладық.