Алматыда автотұрақтағы ақылы уақыт ұзарып, ақылы орындар көбейеді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда биыл ақылы автотұрақтардың саны айтарлықтай артады.
Алматы қаласы Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасының мәліметінше, биыл қосымша 8 мыңнан астам коммуналдық ақылы автотұрақ орнын ұйымдастыру жоспарланған. Осылайша коммуналдық автотұрақтардың жалпы саны 17 мыңнан 25 мыңға дейін көбейеді.
Жаңа автотұрақтардың қатарында тротуар бойындағы және арнайы алаңдардағы автотұрақтар болады. Тротуар үлгісіндегі коммуналдық ақылы автотұрақтар 08:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Бұрын ақылы уақыт 9:00-ден 19:00-ге дейін болған еді. Ал алаңдық автотұрақтардың, жерасты паркингтердің, қоғамдық көлікке ауысып мінуге арналған тұрақтардың, көпдеңгейлі және механикаландырылған автотұрақтардың жұмыс режимін басқарушы ұйым белгілейді.
- Коммуналдық ақылы автотұрақтарды пайдалану ақысы бекітілген тарифке сәйкес автокөліктің автотұрақта тұрған әр минуты үшін есептеледі. Тротуар үлгісіндегі коммуналдық ақылы автотұрақтарда жолаушыларды отырғызу немесе түсіру, сондай-ақ көлікті тиеу немесе түсіру қажет болған жағдайда алғашқы бес минутқа ақы алынбайды, - деп хабарлады басқармадан.
Жалпы қаланың коммуналдық меншігіндегі ең көп автотұрақ орны Алмалы ауданында орналасқан - 5363. Одан кейін Медеу (5102) және Жетісу аудандары (3494) тұр. Ал Алатау ауданында - 2637, Бостандық ауданында - 787, Түрксіб ауданында - 290, Наурызбай ауданы — 92, Әуезов ауданы — 60 ақылы автотұрақ орны бар.
Еске салайық, 2026 жылдың 17 тамызынан бастап алматылықтар үй жанынан 500 метр радиуста тегін автотұрақ орнын алуға өтініш бере алады.