Алматыда әйелді өлтіріп, басын кесіп алған ер адам 20 жылға сотталды
Алматы қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында әйелді өлтіріп, денесін бөлшектеп тастады деп айыпталған ер адамға қатысты сот үкім шықты деп, хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Тергеу органы оған ҚР ҚК-нің 99 бабы екінші бөлігінің 5 - тармағы бойынша, яғни асқан қатыгездікпен қасақана кісі өлтіру фактісі бойынша айып тақты.
«Алқабилер мен сот үкіміне сәйкес И. асқан қатыгездікпен қасақана кісі өлтіргені үшін кінәлі деп танылып, оған 20 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық атқару жүйесі мекемесінде өтейді»,- деп хабарлады қалалық соттан.
Сотталушы өз кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтты.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, 12 сәуір сағат 08:40-те 102 пультіне Шолохов көшесіндегі қараусыз қалған ғимараттың жанынан әйелдің мәйіті табылған болатын.
1976 жылы туған, тұрғылықты жері жоқ, бұрын есірткі қылмысы үшін бірнеше рет сотталған әйелдің басын кесіп алынғаны анықталды.
Біраз уақыттан кейін сол маңдағы сауда орындарының бірінен мәйіттің басы табылды.
Кейін 61 жастағы күдікті ер адам ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынды.
Күдіктінің жәбірленушімен бірнеше күннен бері таныс болғаны, қылмыстың жанжал кезінде жасалғаны белгілі болды.