Алматыда әйелдерді қолдауға арналған митинг өтті - фотореп

АЛМАТЫ. KAZINFORM – 8 наурыз мерекесі қарсаңында Алматыда әйелдер құқықтары мен отбасылық құндылықтарға арналған митинг өтті.

Митинг
Фото: Еламан Тұрысбеков

Митинг қаладағы Махатма Ганди ескерткіші жанындағы саябақта өтті. Оған қатысушылар әйел құқығы мен қоғамдағы орнына қатысты әлеуметтік мәселелерді көтерді. 

«Әйелдердің лайықты өмірі үшін. За достойную жизнь женщин» атты іс-шараны қиын жағдайда қалған әйелдерді қолдау мақсатында құрылған «Рахым» әлеуметтік үйінің негізін қалаушы Бибінұр Шерәлиева ұйымдастырды.

Әйел құқығы
Фото: Еламан Тұрысбеков

«Митинг мақсаты – жаңа Үкіметтің біздің ұсыныстарымызға назарын аударту. Бүгін әйелдерге қатысты 30 мәселені көтеріп жатырмыз», – дейді Бибінұр Шералиева.
Жиын барысында қатысушылар биліктен жалғыз баспанасынан әйелдер мен балаларды шығаруды тоқтатуды, алимент төлемейтіндерге қатысты заңды күшейтуді, туған әрбір балаға жәрдемақы беруді талап етті.


«Тұрғын үй мәселесі әйелдерді жалғыз баспанасынан шығаруға байланысты туындады. Ажырасқаннан кейін балалы әйелдер көшеде, ақшасыз, назарсыз қалады. Мемлекеттік деңгейде балалы әйелдерді балалары кәмелетке толғанша баспанасыз қалдырмау туралы түзету енгізу керек. Өкінішке орай, қазір бізде ажырасу көп. Бұл да мәселе. Заң неке бұзу кезінде мүлікті бөлу туралы тармақты да қайта қарауды қажет етеді», – дейді Бибінұр Шералиева.

Митинг
Фото: Еламан Тұрысбеков

Сондай-ақ қоғам белсендісі айтылған талаптар мен көтерілген мәселелер 12 наурызда Парламент отырысында ұсынылатынын айтты.

«Біз әділдік пен әйелдер құқығы үшін күресуді жалғастырамыз және өз талабымызды қоямыз », - деді ол.
Тағы бір қоғам белсендісі Бағила Балтабаева ана мен неке мәселесін көтерді. Оның пайымдауынша, жастарды батыстық деп аталатын құндылықтардың ықпалынан қорғау керек.

Айтуынша, қыздар тұрмысқа шығу, аяулы ана атану және демографияны көтеру сияқты миссияларын ұмытпауы керек. 

әйел құқығы
Фото: Kazinform

Ал ер адамдар әйелін жақсы көріп, қолдау көрсетуі тиіс.

«Бүгін әйелдер мен балалардың отбасы мен өмірдегі проблемаларға қатысты нақты мәселелері айтылды»,- дейді ол.

Алина есімді алматылық елде тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңды қатайту керек деп санайды.

Митинг
Фото: Еламан Тұрысбеков

«Тұрмыстық зорлық-зомбылық, зорлау жиілеп кетті. Сонымен қатар, зардап шеккен әйелдердің барлығы куәлік беруге дайын емес, полицияға да бармайды. Бұл өз кезегінде қылмыс жасаған адамдарды жауаптан босату. Мен заңды қатайтып, жәбірленушілер мен белсенділерді қолдайтын қорларды көбейтуді және осы мәселені назарда ұстауды ұсынамын», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар