Алматыда аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар үшін тегін сырғанақ ашылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда «Терренкур» демалыс аймағының тоғанында 50 метрлік сырғанақ салынды.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, «Снежная горка» әлеуметтік жобасы жеке қаржы есебінен орнатылды. Ол үшін күзде тоған суы құрғатылған болатын. Қысқы сырғанақ тебу маусымы аяқталған соң, құрылым бұзылатын болады.
Жоба авторы Бауыржан Ермағанбетов тоған үстінде сырғанақ жасауды күн жылы кезде ойластырған.
"Мұнда жазда отбасыммен жиі серуендеймін. Қыста тоғанда су жоқ, төтенше жағдай болмас үшін су құрғатылған. Қыста тоған бос тұрады. Медеу ауданында ешқандай сырғанақ болмаған соң, оны өзім жасағым келді. Қыста балалар қыдыратын жер аз, аттракциондар жұмыс істемейді. Халықтың тығыздығы жыл сайын артып келеді. Балаларға қауіпсіз алаң қажет. Сырғанақтың құрылымын жобалап, зауытқа тапсырыс бердік. Сәл кешігіп аштық. Нысан қаңқасы темір, бірақ өте сенімді. Жүк көтергіштігі бір шаршы метріне - 250 келі. Құрылым шамамен екі апта жиналды. Жоба әкімдікпен, Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп жүзеге асты. Біз аз қамтылған отбасылардың балаларына әлеуметтік қызметтерді тегін ұсынамыз. Мұнда көпбалалы отбасыларды, мүгедектер мен зейнеткерлерді күтеміз", - деді Бауыржан Ермағамбетов.
Тоғанның түбі балшықтан тазартылып, онда балласт төселген.
"Бұл зауыттың шарты еді, себебі, мұндай құрылымдар қауіпсіз болуы керек. Балшық шағын эскалатормен тазартылып, балласт төселді. Біз оны бірінші қабатпен деңгейлес орнаттық", - деді Бауыржан.
Сырғанақ тепкен соң демалушылар үрлемелі баллонды құрылым басына өздері алып шықпайды, ол үшін арнайы фуникулер бар. Бұл ретте, келушілер қауіпсіздік техникасын үйрететін нұсқаушылардың бақылауында болады.
Оған қоса, кешен аумағында қоғамдық тамақтану нысандары орнатылып, террассада демалыс аймағы ұйымдастырылады.
Айта кетейік, баллонды бір сағатқа жалға алу құны 3 мың теңге. Бір реттік сырғанау - 500 теңге. Тиісті құжатты көрсеткен әлеуметтік осал санаттағы тұрғындарға қызмет тегін.
Еске салсақ, Алматының «Терренкур» тоғанында 50 метрлік сырғанақтың салынатынын хабарлағанбыз.