Алматыда азық-түлік бағасын негізсіз көтерген кәсіпкерлерге 80 млн астам айыппұл салынды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда сауда саласында, оның ішінде азық-түлік бағасына үстеме қосуға байланысты 2003 заң бұзу анықталды. 

Алматыда азық-түлік бағасын негізсіз көтерген кәсіпкерлерге 80 млн астам айыппұл салынды
Фото: Алматы әкімдігі

Алматы әкімдігінің мәліметінше, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және оның негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында қалада кешенді шараларды тұрақты түрде жүргізіліп келеді.

Оның нәтижесінде биыл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген сауда үстемесінің шекті мөлшерінен асыру және сауда қызметін реттеу саласындағы заңнаманың өзге де талаптарын бұзу фактілері 2003 әкімшілік хаттама толтырылған. Кәсіпкерлік нысандарына салынған айыппұл сомасы 82 млн теңгеден асады.

— Азық-түлік тауарларының бағасын қалыптастырудың барлық кезеңіндегі делдалдық схемаларды анықтау жөніндегі өңірлік комиссияның отырыстары тұрақты түрде өткізіледі. Комиссия жұмысы аясында ірі сауда нысандарында, сауда желілерінде, супермаркеттерде, базарларда және үй маңындағы дүкендерде сауда қызметі саласындағы заңнама талаптарының сақталуына жүйелі түрде мониторинг жүргізіліп, талдау жасалады, — деп хабарлады әкімдіктен.

Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген сауда үстемесінің шекті мөлшерін сақтау мәселесіне ерекше назар аударылатыны атап өтілді.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда қандай азық-түлік арзандап, қайсысы қымбаттағанын жазғанбыз.