Алматыда бала суға құлаған Есентай өзенінің бойы күрделі жөндеуден өтеді

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматыда Есентай өзенінің кейбір тұстары күрделі жөндеуден өтеді. Бұл туралы Алматы қаласы Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы хабарлады.

Есентай өзені
Фото: wikipedia.org

Өткен күндері Алматыда өзенге құлаған баланы жақын жерде өтіп бара жатқан ер адам құтқарып қалғанын жазғанбыз.

Оқиға Есентай өзенінде болған. Осы орайда, Kazinform тілшісі қала әкімдігіне өзен жағалауындағы қауіпсіздік мәселесі туралы сауал жолдады.

Редакция сауалына жауап берген Алматы қаласы Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы Есентай өзенінің бойында қауіпсіздікті сақтау туралы белгілер мен қоршау бар екенін хабарлады. Дегенмен, басқарма мәліметіне сәйкес, алдағы уақытта аталған өзен жағалауының біраз бөлігі күрделі жөндеуден өтеді.

- Алматы қаласындағы Есентай өзенінің Әл-Фараби даңғылынан Рысқұлов даңғылына дейін жекелеген учаскелерін күрделі жөндеу және жағалауды абаттандыру үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоба аясында өзен бойын абаттандыру, қоршауды жаңарту, қауіпсіздендіру т.б. шаралары қарастырылатын болады. Толық ақпарат жоба сараптамалық тексеруден өткенде белгілі болады, - деді басқарма басшысының орынбасары м.а. Бақытжан Рахимбеков.

Еске салайық, бұған дейін Алматы тауларында биыл 400-ге жуық адам құтқарылғанын жазғанбыз.

 

Соңғы жаңалықтар