Алматыда балалардан көкжөтел анықталды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы қаласында осы жылдың басынан бері 1 жасқа дейінгі 4 баладан көкжөтел анықталды. Бұл туралы қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Қасымхан Алпысбайұлы мәлім етті.

ауру бала
Фото: Pexels

«Сырқат анықталған балаларға көкжөтелдің вакцинасы егілмеген. Оның ішінде 3 баланың ата-анасы екпе салудан бас тартса, 1 балада медициналық қарсы көрсетілім болған. Көкжөтел ошақтарында науқаспен байланыста болған 34 адам тексерілді, олар дерттен сау болып шықты. Барлық байланыста болған адамдар емханалардың медициналық бақылауына алынды», - деді ол.

Көкжөтел – Bordetella тұқымдас бактериялар тудыратын жұқпалы ауру. Оны жұқтырған адам булығып жөтеледі және ол жөтел ұзақ уақыт кетпей қояды.

«Көкжөтел, әсіресе, жаңа туған жас сәбилерге ауыр тиеді. Науқаста қарапайым суық тиюдің белгілері пайда болады. Бірте-бірте жөтел күшейіп, бала қызарып, көгеріп, булығып жөтелетін болады. Осы жөтел кезінде мидың қан айналымы бұзылады. Оттегінің жетіспеуінен психиканың бұзылуы және әртүрлі дәрежедегі ақыл-ой кемістігі пайда болуы ықтыймал», - дейді Қасымхан Алпысбайұлы.

Көкжөтелдің инкубациялық кезеңі 3 күннен 14 күнге дейін созылады. Ең тиімді профилактикалық шара – ұлттық егу күнтізбесі бойынша балалар арасында үш реттік егу жүргізу. Балаларға вакцинация ата-анасының рұқсатымен ғана жүргізіледі.