Алматыда балалардың пайдасына борышкерлерден 500 млн теңге алимент өндірілді

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алимент төлеуден жалтарған әкелермен күрес жүргізу, балалардың құқығын қорғау мәселесі Әділет департаментінің басты міндеттерінің бірі. Алматы қаласы Әділет департаментінің басшысы Балайым Кесебаеваның айтуынша, жекеменшік сот орындаушыларының қарауында 22 688 алименттік іс бар. Оның тек 70-і нақты орындалды, 2 879-ы бойынша аяқталды, ал 1 000 іс проблемалы болып қалып отыр. 

Алматыда балалардың пайдасына борышкерлерден 500 млн теңге алимент өндірілді
Фото: Жамбыл облысы прокуратурасының баспасөз қызметі

«Жыл басынан бері алимент алушылардың пайдасына 500 миллионнан астам теңге (568 361 752 теңге) өндірілді. Осы шара аясында алимент санатындағы борышкерлердің 5 жылжымайтын мүлігінен және 37 көлік құралдарынан берешек өндіріліп алынды», - деп атап өтті спикер өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында. 

Алимент төлемеудің негізгі себебі – борышкерлердің жұмысқа орналаспауы, тұрақты табыстың болмауы. Сол себепті жеке сот орындаушылары мен жұмыспен қамту орталығы үш жұмыс жәрмеңкесін ұйымдастырды. 

«Осы іс-шаралардың арқасында 234 борышкер жұмыспен қамтылды, бұл алимент өндіріп алу тиімділігін едәуір арттырды. Егер борышкер жұмысқа орналасудан бас тартса, оны әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік күтеді», - деп толықтырды спикер.

Айта кетейік, Алматы қаласында 24 мемлекеттік және 291 жекеменшік сот орындаушысы бар, олардың негізгі міндеті – сот актілерін мәжбүрлі түрде орындау.

Соңғы жаңалықтар