Алматыда Батима Заурбекованың 80 жылдығына арналған «Мұра жіптері» көрмесі өтеді

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Қазақстан Республикасының Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде қазақ гобелен өнерінің ұлттық мектебінің негізін қалаушылардың бірі, суретші Батима Заурбекованың туғанына 80 жыл толуына арналған «Мұра жіптері» көрмесі өтеді.

в
Фото: Kazinform

Көрме 2026 жылғы 25 қыркүйек пен 8 қараша аралығында ұйымдастырылады. Экспозицияға музей қорынан және суретшінің отбасылық мұрағатынан алынған 80-нен астам туынды – гобелендер, кескіндеме және графика жұмыстары қойылады.

в
Фото: Kazinform

Гобелен – бейне бояумен емес, тоқыма станогында жіп арқылы жасалатын кілем-картина. Қазақстанда бұл техника ХХ ғасырдың екінші жартысында ерекше дамыды. Сол кезеңде суретшілер дәстүрлі кілем тоқу мен киіз ою-өрнегін бейнелеу өнерінің жаңа түрінің негізі ретінде қайта пайымдай бастады.

Осылайша халықтық мотивтерді, ұлттық ою-өрнекті және заманауи кескіндеме тілін тоғыстырған қазақстандық гобелен мектебі қалыптасты. Оның бастауында тұрған негізгі тұлғалардың бірі – Батима Заурбекова.

в
Фото: Kazinform

– «Мұра жіптері» дәстүрлі ретроспектива шеңберінен шығып, гобеленді өнер тілінде көрерменмен сөйлесе алатын тірі әрі заманауи медиум ретінде көрсетуге ұмтылады, – дейді көрмені ұйымдастырушылар.

Батима Заурбекова – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Жарты ғасырдан астам уақыт бойы оның шығармашылығы дәстүр мен заманауи көркемдік тілді ұштастыра отырып, қазақстандық гобелен өнерінің дамуына ықпал етті.

Көрме суретшінің шығармашылығын әлемдік мәдениет контексінде таныстырады. Оның негізгі көркемдік бағыттары халық өнері мен модернизмнің кескіндемелік ағымдарымен сабақтастықта көрсетіледі.

в
Фото: Kazinform

«Мұра жіптері» экспозициясы үш зал арқылы саяхат түрінде құрылған.

Алғашқы зал музейдің тұрақты коллекциясы орналасқан кеңістіктен басталады. Мұнда сәндік-қолданбалы өнердің көрнекті үлгілері Батима Заурбекова шығармашылығының ұлттық көркемдік дәстүрмен байланысын көрсетеді.

Павильонның алып қабырғалары суретшінің туындыларында жиі кездесетін Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бейнесін меңзейді. Павильон сонымен бірге үйдің, баспананың және қасиетті мекеннің символына айналып, суретші шығармашылығындағы адам мен табиғаттың бірлігі, материал мен қолөнердің киелілігі тақырыптарын аша түседі.

Екінші залда стилі жағынан жақын туындылар бірнеше аймаққа топтастырылған. Әр аймақ суретші шығармашылығының белгілі бір бағытын таныстырады. Кеңістіктің ашық архитектурасы көрерменге экспозицияны әртүрлі ракурстан тамашалауға мүмкіндік береді. Музыка да туындылардың мазмұнын қабылдауға қосымша мәдени кілт ретінде пайдаланылған.

в
Фото: Kazinform

Көрменің соңғы кеңістігі әйел бейнесінің сан қырын ашуға арналған. Композицияның негізгі бөлігін төбеге ілінген шаңырақ құрайды. Оның айналасына ұлттық киімдегі қазақ аруларының портреттері орналастырылады. Бұл туындылар әйел болмысын өмірдің үздіксіз жалғасуы идеясымен байланыстырады.

Келушілер суретші туралы деректі фильм көріп, мұрағаттық фотосуреттермен де таныса алады. Бұдан бөлек, оқу-жаттығу тоқыма станогында өздері жұмыс істеп көріп, гобелен жасау үдерісінің қыр-сырын сезінуге мүмкіндік алады.

в
Фото: Kazinform

Көрме өнертанушыларға ғана емес, дизайнерлерге, сәулетшілерге және дәстүрді мұрағат ретінде емес, заманауи визуалды тілдің қайнар көзі ретінде қабылдайтын шығармашылық қауым өкілдеріне де арналған.

Ұйымдастырушылардың пайымынша, арада ондаған жыл өтсе де, Батима Заурбекованың гобелендері көрерменмен үй, жады және ұрпақтар сабақтастығы туралы сырласуын жалғастырып келеді.

в
Фото: Kazinform

Айта кетейік, Аида Балаева «Арт-зертхана» көркемсурет студиясымен танысты.