Алматыда бейнекамералардың көмегімен 2 мыңнан астам қылмыс ашылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда жыл басынан бері бейнебақылау камераларымен 2183 қылмыс ашылды.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, жедел басқару орталығында 45809 бейнебақылау жүйесі бар. Оның 25840-ы білім беру нысандарында орнатылған.
«Жыл басынан бері бейнебақылау жүйелерінің көмегімен 2183 қылмыс ашылып, 15310 қоғамдық тәртіпті бұзу дерегі анықталды. Алматыда қалалық бейнебақылау жүйесін нақты уақыт режимінде басқаруға, болып жатқан оқиғаларға жедел жауап беруге, сондай-ақ тұлғаны тану функцияларын пайдалануға мүмкіндік беретін бірыңғай бейнебақылау платформасы жұмыс істейді. Жалпы алғанда, жүйе жол қозғалысын басқарады және қауіпсіздік бейне-аналитикасының функцияларын орындайды. Жүйенің енгізілуімен қалада қылмыс деңгейі төмендеді»,- деп хабарлады ведомстводан.
Осыған дейін жыл басынан бері қала әкімдігінің жобалық офисінің қолдауымен бірыңғай бейнемониторинг жүйесіне 45 мың камера қосылғаны туралы жазған едік.
Жыл соңына дейін Алматы көшелеріне тағы да 50 мың камера орнатылады.