Алматыда биыл 70 шақырым су құбыры мен кәріз желілері ауыстырылады
АЛМАТЫ. KAZINFORM — «Инвестиция орнына тариф» бағдарламасы аясында инфрақұрылымды жаңартуға және табиғи ресурстарды үнемдеуге бөлінетін қаражат көлемі артты.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Алматы Су» мекемесінің бас директоры Ілияс Қазиев мәлімдеді.
Оның айтуынша, 2025 жылы қаланың су құбыры және кәріз жүйелеріне «Алматы Су» қаражатынан 18 млрд теңге инвестиция тарту жоспарда.
— Су құбыры мен кәріз жүйесінің тозған 70 шақырым желісі ауыстырылады. Жұмыс жүргізу кезінде су беру шектелмеуі үшін барынша күш салынып, көлік қозғалысына кедергі келтірмеу үшін де шаралар қабылданады, — деді Ілияс Қазиев.
Сонымен қатар, осы жылы 4 сорғы станциясы жөнделіп, 4 трансформаторлық қосымша станция жаңартылып, 2 таза су резервуары салынады.
Ірі жобалар қатарында Мыңбаев көшесіндегі магистральді су құбырын ауыстыру, Таусамалы шағын ауданында инженерлік желілер жүргізу және Тимирязев көшесіндегі траншеясыз әдіспен су құбырын қайта жаңарту көзделген.
— Бұл қаладағы 240 мың тұрғынын сумен жабдықтау сапасын арттыруға мүмкіндік береді, — деді спикер.
Айтуынша, қаланың су жүйесін жаңарту аясында өрт гидранттарын, су алатын ұңғымаларды жөндеу және арнайы техниканы жаңарту да жоспарда бар.
Қазір кәріз суларын тазарту станцияларындағы тазалау технологиясын жаңарту жобасы қолға алынды.
Бұған дейін Алматыда электр желілерінің тозуы 63 пайызға дейін төмендейтіні туралы жазған едік.