Алматыда биыл 87 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда жұмыссыздық деңгейі 4,8%-дан 4,6%-ға төмендеген.

Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, биыл Алматыда жұмыс орындарын құрудың өңірлік картасы аясында 87 226 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған, оның 84%-ы немесе 73 293 орын тұрақты болады. 2024 жылы мегаполисте 84,7 мың жұмыс орны ашылған.
Жұмыспен қамту шаралары 32 мың адамды қамтиды. Олардың ішінде 10,6 мың адам тұрақты жұмысқа орналасады, 8,7 мың адам субсидияланатын жұмыс орындарына жіберіледі.
— Оқу бағдарламаларына, оның ішінде enbek.kz платформасындағы қысқа мерзімді курстарға және «Бастау Бизнес» жобасына 7 мың адам тарту жоспарланып отыр. Сондай-ақ алматылықтар кәсіпкерлік бастамаларды қолдау аясында 400 АЕК-ке дейінгі грант алуы мүмкін, — деп хабарлады әкімдіктен.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда жер неліктен жасыл түске боялып жатқанын жазғанбыз.