Алматыда биыл қанша сәби дүниеге келді
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда 2026 жылдың басынан бері 17 498 сәби өмір есігін ашты.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Алматы қалалық филиалының мәліметінше, олардың 9 116-сы — ұл бала, ал 8 382-сі — қыз бала.
— Мегаполистегі демографиялық өсім тұрақты қарқынмен жалғасып жатыр. Жаңа туған нәрестелер санының жыл сайын артуы қала халқының табиғи өсімінің жоғары екенін көрсетеді, — деп хабарлады корпорация филиалынан.
Биыл алматылық ата-аналар ұл балаларына көбіне Алан, Алихан және Мұхаммед есімдерін қойса, қыз балалар арасында Айлин, Асылым және Томирис есімдері ең танымал есімдер қатарынан көрінген.
Еске салайық, қазіргі таңда баланың тууын тіркеу рәсімі бірнеше тәсіл арқылы жүзеге асырылады. Сәби дүниеге келгеннен кейін бір тәулік ішінде ананың телефон нөміріне 1414 қысқа нөмірінен құттықтау SMS-хабарлама жіберіліп, қажетті мәліметтер сұратылады. Осылайша қызметті проактивті форматта рәсімдеуге болады.
Сонымен қатар туу туралы куәлікті екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары, электрондық үкімет порталы және Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы да алуға мүмкіндік бар.
— Мемлекет тарапынан жаңа туған нәрестелерге біржолғы жәрдемақы төленеді. Бірінші, екінші және үшінші балаға 38 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде, ал төртінші және одан кейінгі балаларға 63 АЕК мөлшерінде төлем қарастырылған. Егіздер, үшемдер немесе төртемдер дүниеге келген жағдайда жәрдемақы әр балаға жеке тағайындалады, — деп түсіндірді «Азаматтарға арналған үкімет» филиалы.
Бұған дейін бала тууға байланысты жәрдемақыны ең көп рәсімдейтін өңірлер белгілі болды.