Алматыда біліктілік курстарынан өткен автобус жүргізушілерінің айлығы өседі
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы әкімі Жетісу ауданының тұрғындарымен кездесті.

Ерболат Досаев автобус жүргізушілерінің жол ережесін бұзуына байланысты сұраққа жауап берді. Қала әкімі қоғамдық көлікті жүргізу оңай емес екенін және маман тапшылығы бар екенін атап өтті.
— Қоғамдық көлік қызметінің сапасын көтеру – біз үшін нағыз сынақ. Бұл бағытта жұмыстарды жалғастырып жатырмыз. Ал жүргізушілер бойынша айтсам, бізде норматив бойынша қажетті жүргізушілер саны мен уақтылы ауысымға байланысты мәселе толық шешілмеді. Жақында БАҚ-та олардың 12 сағаттап жұмыс істейтіні де жазылды. Қала прокуратурасы да бізге «Алматыэлектротранста» осындай бұзушылық бар екенін хабарлады. Шын мәнінде, мұндай мәселе бар, жұмыс оңай емес. Біз жақында жалақаны көтердік және оны алдағы уақытта да көтеруге ниеттіміз, - деді әкім.

Сонымен қатар Ерболат Досаев биыл 10 айналма пунктінің құрылысы басталатынын атап өтті. Шаһар басшысының айтуынша, бұл нысандардың үшеуіне қаражат бөлінген, қалған жетеуінің жобалау-сметалық құжаттамасы күтілуде.
— Яғни, жүргізушілер демалып отыра алатын орынның мәселесі шешіледі. Сондай-ақ колледждерде жаңа жүргізушілерді дайындау бойынша тапсырма бердім. Бізде жаңа жүйе болады: кім оқу арқылы біліктілігін арттырса, оның жалақысына өсім болады. Онда жолаушылармен сөйлесу мәдениеті және басқа да қажетті дүниелер оқытылады. Біз материалдық ынталандыру жағынан жұмыс істейміз, - деді Ерболат Досаев.
Еске салайық, бұған дейін Алматы метросында пойыздар 3 минут сайын жүретінін жазғанбыз.