Алматыда болашақ аналарға скринингтің еуропалық стандарты қолжетімді болады
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда қаласындағы Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығында сараптамалық деңгейдегі ультрадыбыстық зерттеу, биохимиялық скрининг және генетикалық кеңес беруді қамтитын «бір күндік клиника» пилоттық жобасы іске қосылды.
Жоба аясында болашақ аналарға скринингтің еуропалық стандарты қолжетімді болады. Яғни, бұл дәрігерлерге іштегі нәрестенің туа біткен және хромосомалық патологияны жедел әрі дәл анықтауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ іштегі нәрестенің өмірі мен денсаулығы үшін максималды дәл болжам жасай алады. Барлық қажетті медициналық тексерулер бір ұйымда жүргізіледі. Осы арқылы болашақ аналар уақытын үнемдеп қана қоймай, бір күннің ішінде барлық нәтижелерге жылдам қол жеткізеді. Зерттеулер заманауи диагностикалық жабдықта еуропалық ұйымның алгоритмі бойынша тексеріледі.

Барлық жүкті әйелдер емхананың жолдамасы бойынша тегін тексеріле алады. Зерттеу республика көлемінде алғаш рет ұйымдастырылып отырған «Бір күндік Клиника» пилоттық жобасы аясында өтеді.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Мағрипа Ембергенованың айтуынша, соңғы 10 жылда ел аумағында туа біткен ауытқуы бар балалардың туу жиілігі төмендемеген.
«Осыған байланысты министрлік ұрықтың туа біткен ақауын ерте диагностикалау және алдын алу тиімділігін арттыруға, нәресте өлімін және балалар мүгедектігін төмендетуге бағытталған пренаталдық медицина қызметін одан әрі жетілдіру бойынша бірқатар стратегиялық шешімді негіздеді, оларды өз кезегінде халықаралық сарапшылар оң бағалады. Пренаталды ультрадыбыстық диагностика және медициналық генетика бойынша жетекші сарапшылардан тұратын сарапшылар тобы құрылды. Топ Қазақстан Республикасындағы пренаталды скрининг ережелерін қайта қарауға қатысты. Алғаш рет елде перенаталдық медицина қызметінің жұмысын реттейтін нормативтік құжат - Перенаталды ультрадыбыстық диагностиканы ұйымдастыру және медициналық-генетикалық көмек көрсету стандарттары әзірленді, «Ұрықты қорғау» республикалық орталығы құрылып, 20 аймақта «Ұрықты қорғау орталығының» жұмысы ұйымдастырылды», - дейді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова.

Алматы қаласы Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығы туа біткен жүрек ақауын перенаталдық диагностикалауға және жүктілік кезінде әр түрлі ауруы бар әйелдерге көмек көрсетуге маманданған жетекші медициналық мекеме.
«Біз пациенттерімізге болашақ баланың денсаулығына қатысты ең дәл және уақтылы диагноз қоюға тырысамыз. Бір күндік клиника жүкті әйелдерге бір күн ішінде барлық тексеруден өтуге мүмкіндік береді. Мұнда «осында және қазір» принципі маңызды рөл атқарады. Енді біз емделушілерге мемлекеттік тегін медициналық көмек аясында ең заманауи медициналық диагностика мен емдеу әдістерін ұсына аламыз», - деп атап өтті Алматы қаласы Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының директоры Гүлнар Нұрланова.