Алматыда бір адамның өмірін қиған автобус апатына қатысты сот отырысы басталды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда «5:32» сериалының продюсері себепкер болған жол апатына қатысты сот отырысы басталды.
Іс Алмалы аудандық сотында ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігі бойынша қаралып жатыр. 28 жастағы әйелге көлiк құралын басқару кезінде жолда жүру қағидаларын бұзу, оның ішінде абайсызда адам өліміне әкеп соғу бабы бойынша айып тағылып отыр.
Алдын ала тыңдалым барысында айыпталушының адвокаттары тергеуде процессуалдық қателіктер жіберілгенін мәлім етіп, істі прокурорға қайтаруды сұрады. Айтуларынша, іс материалдарымен толық тынысуға мүмкіндік ала алмаған.
«Сарапшылардың қорытындысын іске қосу туралы қорғау өтініші негізгі сот талқылауы барысында қаралып, шешілетін болады. Іс материалдарымен танысу туралы өтініш қосымша уақыт бере отырып қанағаттандырылды», - деді судья.
Судья сот отырысын 19 қараша таңғы сағат 10:30-ға белгіледі.
Еске салайық, 26 маусым күні қоғамдық көлік пен жеңіл машина соқтығысқан еді. Салдарынан 16 адам жарақат алып, 1 адам қаза тапты.
Кейін қоғамдық көлік камерасы түсірген бейнежазба желіде тарады.
Автобустың апатқа ұшырауына «5:32» сериалының продюсері себепкер болған.
Кейін күдікті деп танылған жеңіл көлік жүргізушісі Анель Сартаева тергеу уақытында үй қамағында болатыны туралы жазған едік.