Алматыда бір аптада 22 мың адам ЖРВИ жұқтырған
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда тұмау жұқтырғандардың саны әлі де азаймай тұр. Бұл туралы Алматы қаласы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Қасымхан Алпысбайұлы айтты.
Оның айтуынша, Алматы қаласында қазіргі уақытта жедел респираторлық инфекциялар бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Дегенмен, өткен аптада ЖРВИ, тұмау ауруларының 22636 жағдайы тіркелген. Бұл алдыңғы аптамен салыстырғанда 1,9% пайызға (23086 жағдай) төмен. Ал оған дейінгі апта 16 429 адам тұмау болып ауырған.
Алматы қаласының бас санитарлық дәрігері тұмаудың эпидемиологиялық өсуі кезеңінде С дәруменін алып, оксолин жақпамайын қолдануға кеңес береді.
Сондай-ақ, оның айтуынша, жаппай іс-шаралар өтетін орындарға бармаған жөн. Ал ауырған жағдайда, өз бетімен ем-дом қолданбай, үйден шықпастан, медицина қызметкерін шақыруы қажет. Түшкіргенде және жөтелгенде ауызды қолмен, майлықпен жауып, қолды жиі жуу қажет.
Еске салайық, бұған дейін СҚО-да шошқа тұмауын жұқтырғандар тіркелгенін жазғанбыз.