Алматыда бір айда екі үшем дүниеге келді
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматының перинаталдық орталығында бір айдың ішінде екі үшем дүниеге келді.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 14 тамызда 27 жастағы тұрғын Мөлдір Советханова үшемнің анасы атанды. Нәрестелердің екеуі ұл, біреуі қыз. Бұл алматылық әйелдің екінші жүктілігі болған. Сәбилерге Айхан, Айбын және Айза есімдері берілді. Туған кездегі салмақтары — 1800, 1480 және 1400 грамм болды.
— Уақытылы және білікті медициналық көмектің арқасында нәрестелердің жағдайын тұрақтандыруға мүмкіндік туды. Нәрестелердің реанимация және қарқынды терапия бөлімінде ем алғаннан кейін сәбилер жоғары тәуелділіктегі нәрестелер бөліміне ауыстырылды. Қазіргі уақытта мұнда оларды одан әрі бақылау және күту жұмыстары жалғасып жатыр, — деп хабарлады ведомство.
Екінші үшем 31 тамызда Рахат Бигелдиеваның отбасында дүниеге келді. Нәрестелер мерзімінен бұрын жүктіліктің 32-аптасында кесарь тілігі арқылы дүниеге келген. Отбасы екі қыз және бір ұлмен толықты. Ата-анасы сәбилерге Ахмет, Халима және Амина есімдерін берді. Ұлдың туған кездегі салмағы 1998 грамм, қыздардың салмағы 1412 және 1347 грамм болды.
— Қазір үш сәби реанимация және қарқынды терапия бөлімінің дәрігерлерінің бақылауында. Оларға қажетті медициналық көмек көрсетіліп, СРАР аппаратының көмегімен инвазивті емес тыныс алу қолдауы жүргізіліп жатыр, — деп хабарлады басқарма өкілдері.
Дәрігерлердің айтуынша, бүгінде басты міндет — балалардың жағдайын тұрақтандырып, ширауына және қажетті салмақ қосуына көмектесу. Алдағы уақытта балалардың жағдайы тұрақтанған соң, үйлеріне шығару жоспарланған.
Жалпы 2026 жылдың басынан бері Алматының Перинаталдық орталығында төрт үшем дүниеге келді. Алғашқы екі үшем қаңтар және ақпан айларында туған.
Еске салайық, Павлодарда биыл екінші мәрте үшем дүниеге келді.