Алматыда бір бағытты көшелердің саны көбеюі мүмкін

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы көшелерінде көлік қозғалысын жақсарту үшін жаңа шешімдер енгізіліп келеді.

Алматыда 10 көше қиылысында «вафельді» жол белгісі пайда болды
Фото: : t.me/AlmatyJoly

Мәселен, 2025 жылы мегаполистегі 10 көше қиылысында «вафельді» жол белгісі пайда болды. Бұл арнайы жол торы қиылыстың реттелетін аймағын көрсетіп, кептеліс кезінде жолды бөгеп қалудың алдын алуы тиіс еді.

Алматы қаласы жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасына бұл шешімнің қаншалықты тиімді болғанын сұрап, редакциямыз сауал жолдады.

Ведомство «Қиылыс аймағын белгілеу» (вафельді таңбалау) жол таңбасы - кептеліс кезінде көліктің жол қиылысына шығуына жол бермеуіне бағытталғанын атап өтті. Себебі өз бағыты бойынша бағдаршамның қызыл түсі жанып, жол ортасында тоқтап қалған көліктер көлденең бағыттағы қозғалысқа кедергі келтіреді.

- Негізгі мақсат - кептелістерді азайту, әсіресе, қарбалас уақытта көліктің үздіксіз қозғалысын қамтамасыз ету және жүргізушілердің тәртібін жөнге келтіру, - деп түсіндірді басқарма мамандары.

Алайда ресми жауапта «вафельді» жол белгісінің тиімділігі туралы статистика мен өзге деректер берілмеді. Ведомство тек жол торында қалып қойған көліктерге айыппұл салу мәселесі шешіліп жатқанын нақтылады.

Қазіргі уақытта «Көркем Телеком» ЖШС-нің «Сергек Алматы» филиалы мен Алматы қаласы полиция департаменті бірлесіп, құқықбұзушылықтың аталған түрін деректерді өңдеу жүйесіне енгізу үшін ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетіне ұсыныс жолданған.

- Қазіргі уақытта аталған айыппұл түрін ресми түрде іске қосу үшін Бас прокуратурадан рұқсат алу керек. Оң шешім қабылданған жағдайда «вафельді таңбалау» жұмыстары қаланың басқа да жаяу жүргіншілер көп жүретін қиылыстарында ұйымдастырылатын болады, - делінген жауапта.

Жаяу жүргіншілерге арналған бағдаршам фазасы

Биыл ақпан айында Алматыда жүктемесі жоғары бірқатар жол қиылысында қозғалыс сызбасын түзету бойынша пилоттық жоба қолға алынды. Жоба аясында жүргіншілер мен көлік қозғалысына арналған жекелеген бағдаршам фазалары енгізілді.

Өзгерістер Назарбаев даңғылы — Гоголь көшесі, Абылай хан даңғылы — Гоголь көшесі, Достық даңғылы — Абай даңғылы, Сейфуллин даңғылы — Мақатаев көшесі, Абай даңғылы — Алтынсарин даңғылы жол қиылыстарында енгізілген. Бұл шешімнің нәтижесі бойынша да агенттік жауапты ведомствоға жүгінді.

Алматы қаласы жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасының жауабына сәйкес, аталған учаскелерде жаяу жүргіншілер жолдан өткенде барлық бағыттағы көлік тоқтайды. Яғни, адамдар оңға немесе солға бұрылатын көліктерге кедергі келтірмейді және өздері жолдан қауіпсіз өте алады.

- Бұл жолдардың өткізу қабілетіне оң әсерін тигізеді, себебі жүргізушілерге жаяу жүргіншілерді күтудің қажеті болмайды және бағдаршамның рұқсат беретін белгісі жанған кезде қиылыстан жылдамырақ өте алады. Қазіргі уақытта аталған жұмыс схемасы талдау кезеңінде. Оның тиімділігі расталған жағдайда жаяу жүргіншілер көп жүретін басқа да қалалық қиылыстарда осындай бөлек фазаларды енгізу жоспарланып отыр, - деп толықтырды ведомстводан.

Бір бағытты қозғалыс

Сондай-ақ жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасы қала жолдарындағы жағдайды жақсарту үшін бір бағытты көшелердің саны артуы мүмкін екенін хабарлады.

- Қазіргі таңда қала көшелерінде бір бағытты қозғалысты ұйымдастыру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл шара жол қозғалысын оңтайландырудың және жолдардағы қақтығыс нүктелерін азайтудың бір тәсілі ретінде зерттеліп жатыр. Дегенмен, бұл - мәселе алдын ала талқылау сатысында екенін түсіну маңызды. Нақты учаскелерде бір бағытты қозғалысты енгізу туралы түпкілікті шешім көлік ағындарына жан-жақты талдау жүргізіліп, барлық қызметтермен толық келісілген жағдайда қабылданады, - делінген басқарма жауабында.

Еске салайық, 2018 жылы Алматының бірнеше көшесіне бір бағытты қозғалыс енгізілген болатын. Ол кезде Жамбыл, Қарасай батыр, Қабанбай батыр, Бөгенбай батыр, Гоголь, Мұратбаев және Шәріпов көшелерінің бағытты бекітілді.