Алматыда бірнеше ғылыми қызметкерді жұмыстан шығарып жатыр — министрлік жауап берді

АСТАНА. KAZINFORM — Алматыдағы В. Г. Фесенков атындағы Астрофизика институтының Ай мен планеталар физикасы зертханасының жетекшісі мен бірнеше қызметкерімен еңбек шарты бұзылды. Істің мән-жайын Ғылым және жоғары білім министрлігі түсіндірді.

Қазақстан республикасы ғылым және жоғары білім министрлігі, министерство просвещения республики казахстан, қазақстан республикасы оқу - ағарту министрлігі
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Биыл 3 наурызда В. Г. Фесенков атындағы Астрофизика институтында ғылыми қызметтің тиімділігін арттыру және кадрлық әлеуетті дамыту мақсатында кадр құрамын жаңарту және ғылыми құрылымдардағы сабақтастықты күшейтуге қатысты ұсынымдарды көздейтін бұйрық шықты. Құжатқа сәйкес, зейнет жасына жеткен зертхана басшыларына зертхананы басқаруға үміткер ғалымдар туралы ұсыныс беру тапсырылды. Сондай-ақ, ғылыми семинарлар өткізу, ғылыми-ұйымдастырушылық іс-шараларға қатысу және еңбек тәртібін сақтау қажеттілігі атап өтілді.

Аталған бұйрық аясында Ай мен планеталар физикасы зертханасының қызметкерлерімен институтішілік кездесу ұйымдастырылды. Бұл зертхананы 1974 жылдан бері басқарған Виктор Германович Тейфель қазір 92 жаста. Ең жас ғылыми қызметкердің жасы — 76. Тейфель В.Г. денсаулығының нашарлауына байланысты көру қабілетінен айырылып, өздігінен жүріп-тұра алмайтын жағдайға жеткен.

— Өкінішке қарай, зертхана құрамында жастардың болмауы соңғы 20 жылда жалғасып келе жатқан түйткілге айналды. Бұл — зертханада ғылыми сабақтастық мүлдем жоғалғанын көрсетеді. Институттың өзге зертханаларында, мысалы жұлдыздық астрономия, спектроскопия және радиоастрономия бағыттарында жас мамандар мен магистранттар есебінен кадрлық құрам жүйелі түрде жаңартылып жатқанда, Тейфель зертханасында мұндай үдеріс мүлдем байқалмайды, — делінген ведомство мәліметінде.

Зертхана басшыларына Қазақстан Республикасының «Ғылым туралы» заңына сәйкес ғылыми жобалар мен гранттар арқылы қаржыландыру тек ғылыми жетекшінің бастамасы мен басқаруымен жүзеге асырылатыны еске салынды. 2020 жылдан бері Ай мен планеталар физикасы зертханасынан небары 3 гранттық өтінім берілген, өкінішке қарай, барлығы сәтсіз болды. Ал 2023 жылдан бері мүлде жоба ұсынылмаған. Сол уақыт аралығында институттың өзге зертханалары 40-тан астам өтінім беріп, өз қызметтерін қажетті құрал-жабдықтармен және жалақымен қамтамасыз етіп отыр.

2018 жылдан бері Тейфель зертханасының қызметкерлері Scopus, Web of Science халықаралық дерекқорларына кіретін рейтингтік журналдарда ғылыми мақала жарияламаған. Зертхана институт ішілік семинар өткізбеген, ел ішіндегі немесе шетелдік конференцияларға қатыспаған. Соңғы 30 жыл ішінде бірде-бір аспирант не PhD докторантты дайындамаған.

Сонымен қатар зертхана қызметкерлері институттың ғылыми және қоғамдық өміріне араласпайды. Олар ғылыми-техникалық кеңестің отырыстарына жүйелі түрде қатыспаған, сондай-ақ институт үшін стратегиялық маңызы бар биік таулы обсерваторияларда жұмыс істемеген.

2025 жылғы 4 наурызда АФИФ директорының атына Наблюдаторлық астрофизика бөлімінің жетекшісі А. В. Серебрянскийден (аталған зертхана осы бөлімге қарайды) қызметтік жазба келіп түсті. Онда жоғарыда аталған мәселелер нақты көрсетілген (құжат қоса беріледі).

Кездесу барысында институт директоры Тейфель В.Г.-ға зертхананы қысқартып, Наблюдаторлық астрофизика бөлімі құрамында жұмысын жалғастыруды, сондай-ақ жеке жұмыс орны ұсынылатынын айтты. Алайда В. Г. Тейфель және оның екі әріптесі — Харитонова Г.А. (88 жаста) және Филиппов В.А. (76 жаста) бұл ұсыныстан бас тартты.

Осыған байланысты Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағы 24-тармақшасына сәйкес, аталған қызметкерлерге еңбек шартының бұзылатыны туралы хабарламалар табысталды. Олар бұл хабарламалармен танысып, қол қойды.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Ай мен планеталар физикасы зертханасының қазіргі жетекшісі В. Г. Тейфельдің басқаруындағы қызметі жүйесіз, ғылыми өнімсіз және институт өміріне араласпайтынын көрсетеді.

Айта кетсек, 10 сәуірде Президент Ғылым күні қарсаңында ғалымдармен кездесіп, кәсіби мерекесімен құттықтады. Кездесу барысында Мемлекет басшысы мемлекет ғылымды дамыту үшін нақты шаралар қабылдап жатқанын баса айтты

Соңғы жаңалықтар