Алматыда бірнеше көшеде біржақты қозғалыс енгізіледі

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақтар желісін кеңейту, веложолдардың ұзындығын шамамен 40 шақырымға арттыру және бірқатар көшеде қозғалыс сызбасын өзгерту жоспарланып отыр. Бұл туралы Алматы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Диханбаев айтты.

Алматыда бірнеше көшеде біржақты қозғалыс енгізіледі
Фото: Pexels

Ержан Диханбаевтың сөзінше, көлік жүйесін жаңғырту аясында Алматыда әл-Фараби даңғылында, Тілендиев, Шевченко, Құрманғазы, Сәтбаев, Өтеген батыр, Рысқұлов көшелерінде, сондай-ақ Шығыс айналма автомобиль жолында (ШААЖ) және Солтүстік айналымда жаңа автобус жолақтарын салу қарастырылып жатыр.

Сонымен қатар 2026 жылы веложолдардың жалпы ұзындығын 87 шақырымнан 125,5 шақырымға дейін, яғни шамамен 40 шақырымға ұлғайту жоспарланған.

Бұдан бөлек, әкімдік бірқатар көшеде біржақты қозғалыс енгізу және қозғалыс сызбасын ірі бюджет шығындарынсыз — негізінен жаңа жол таңбалары мен қозғалысты ұйымдастыруды оңтайландыру арқылы өзгерту мүмкіндігін қарастырып жатыр.

Атап айтқанда, өзгерістер «Тастақ» базары маңындағы Брусиловский, Түркебаев, Қарасай батыр, Құлымбетов және Прокофьев көшелерін, сондай-ақ Әуезов — Байзақов, Жуков — Уәлиханов және Радостовец көшелерінің учаскелерін қамтиды. Сонымен қатар мамандар Тимирязев, Жандосов, Манас, Мыңбаев, Береговая, Армянская, Айманов және Пушкин көшелерінде біржақты қозғалыс енгізу мүмкіндігін пысықтап жатыр.

— Біз әуелі жаңа жол таңбалары мен уақытша қозғалыс сызбалары арқылы пилоттық шешімдерді сынақтан өткізіп, оң нәтиже болған жағдайда оларды кеңінен енгізу тәсілін белсенді қолданып келеміз. Бұл үлкен шығынсыз әрі икемді түрде жол қозғалысын жақсартуға мүмкіндік береді. Жаңа қозғалыс сызбалары көшелердің өткізу қабілетін 20-25% арттырып, жол-көлік оқиғаларын 35%-ға дейін азайтуға және қаланың негізгі көлік тораптарына түсетін жүктемені төмендетуге мүмкіндік береді, — деді Ержан Диханбаев Алматы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда 2026 жылы 250 шақырым жол жөнделетінін жазғанбыз.