Алматыда 2026 жылы 250 шақырым жол жөнделеді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы әкімдігі жол инфрақұрылымына байланысты келесі жылға арналған жоспарын жариялады.
Қала әкімдігінің мәліметінше, 2026 жылы қаланың түрлі шағын аудандарында 250 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізу жоспарланған. Одан бөлек 70 шақырым жаңа жол салу көзделеді.
- Сондай-ақ қала басшысы «Қалқаман» метро бекетінің, Райымбек батыр даңғылындағы BRT желісінің құрылысын уақытында аяқтау, сондай-ақ магистралдық көшелерді ұзарту жұмыстарын жалғастыру қажеттігін айтты, - деп хабарлады әкімдіктен.
Еске салайық, 2026 жылы жол-инфрақұрылымына байланысты аяқталатын ірі жобалардың бірі - Саин даңғылының ұзартылған бөлігінің ашылуы. Бүгінде жолдың 3,2 шақырымының 1,8 шақырымы салынды. Қалған бөлігінде 110 кВ жоғары кернеулі желісін қайта орналастыру жұмыстары жүріп жатыр. Алатау ауданының әкімі Данияр Қырықбаев Саин көшесін ұзарту бойынша жұмыстар 2026 жылы аяқталатынын атап өтті.
Сондай-ақ Алматы әкімдігі «Қалқаман» метро бекетінің құрылысын 2026 жылдың алғашқы жартысында аяқтауды жоспарлап отыр.