Алматыда бұрынғы әскери госпитальдің орнына не салынады

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда бұрынғы әскери госпиталь орналасқан жерге кітапхана мен қонақ үй салынады.

Алматыдағы әскери госпиталь
Фото: Александр Павский/Kazinform

– Ғимарат Сатпаев және Назарбаев көшелерінің қиылысында орналасқан. Мұнда енді 1 миллион кітап қорымен жаңа кітапхана мен туристерді тарту мақсатында қонақ үй салынады. Бұл үлкен кешен болады, – деді Ерболат Досаев.

Айта кетейік, 2014 жылы Алматы қаласының Медеу ауданындағы нарықтық құны 6 млрд теңгеден астам, жалпы ауданы 3,8484 га жер учаскесі «Достық строй» құрылыс компаниясы» ЖШС-нің меншігіне өткен.

Алайда, бұл учаске 7 жылдан астам уақыт бойы мақсатына сай пайдаланылмады. Осыны ескерген әскери прокуратура органдары оны мәжбүрлеп алып қою туралы сотқа талап арызбен жүгінген еді.

Былтыр аталған жер учаскесі мемлекетке қайтарылды.