Алматыда бұрынғы басқарма басшыларына сот үкімі шықты
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының бұрынғы басшысы Алмасхан Ахмеджанов пен басқа да айыпталушыларға үкім шығарылды.

Сотта 6 күдіктінің ісі қаралды. Олардың арасында Алмасхан Ахмеджановтан басқа Алматы жер қатынастары басқармасының бұрынғы басшысы Ардақ Самамбетов та бар.
Сот үкімімен Алмасхан Ахмеджановқа 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Іс материалдарына сәйкес оған лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану бойынша айып тағылған болатын. Ал Ардақ Самамбетовқа сот шешімімен 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Еске салайық, бұған дейін Алматының бұрынғы бас архитекторы сотта соңғы сөзін айтқанын жазғанбыз.
2023 жылы шілде айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Алматы қала құрылысы басқармасының бұрынғы басшысын ұстағаны белгілі болды.
Ведомствоның мәліметінше, шенеунік жер телімдерін беру және нысандардың құрылысына рұқсат беру кезінде қызметтік өкілеттерін асыра пайдаланды деген күдікке ілінген.