Алматыда бұрынғы теміржол ауруханасы мен жер учаскелері мемлекетке қайтарылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы прокуратурасы қала орталығында орналасқан теміржол ауруханасының ғимараты мен жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтарды.
Прокуратура мәліметінше, 2018 жылы бірқатар мәміле нәтижесінде бұрын Теміржол апаттар медицинасы госпиталіне тиесілі болған денсаулық сақтау нысаны мен жер учаскелері жеке меншікке заңсыз өтіп кеткен.
- Сауықтыру мақсатындағы жер учаскелері жер және мемлекеттік мүлік туралы заңнаманың талаптарын бұза отырып өткізілген. Сот талқылауы барысында мәмілеге қатысушылардың өзара аффилирленгені және мемлекеттік мүліктің бәсекелестік ортадан тыс заңсыз шығарылғаны дәлелденді, - деп хабарлады құқық қорғау органы.
Нәтижесінде Алмалы ауданы прокуратурасының талап-арызы бойынша сот мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару жөніндегі мәмілелерді жарамсыз деп таныды. Сот шешімі заңды күшіне енді, апелляциялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылды.
- Мемлекет меншігіне жалпы аумағы 0,3 га болатын екі жер учаскесі және ауданы 1 628 м2 болатын ғимарат қайтарылды. Қайтарылған мүліктің жалпы құны 2 млрд теңгеден асады, - делінген мәлімдемеде.
Бұған дейін қала прокуратурасы аталған мүлікті электрондық сауда-саттық арқылы сатуға жол бермеді.
Еске салайық, Алматының орталығында орналасқан бұрынғы теміржол ауруханасын қайта жаңғырту жоспары алғаш рет 2021 жылы жарияланды. Жобаға сәйкес, тарихи ғимарат балаларға арналған заманауи оңалту орталығына айналуы тиіс еді.
Бастапқы жоспар бойынша құрылыс жұмыстары 2022 жылдың қарашасында аяқталуы керек еді. Алайда жоба мерзімі бірнеше рет шегерілді: әуелі 2024 жылдың қазанына, кейін 2025 жылдың мамырына, ақыр соңында 2026 жылға ауыстырылды.
Көптен күткен жоба бойынша нақты жұмыстар әлі де басталмады.