Алматыда бұрынғы теміржол ауруханасын қайта жаңарту жұмыстары тағы да кейінге қалды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматының орталығындағы бұрынғы теміржол ауруханасының ғимаратын қайта жаңарту жұмыстары бастапқыда 2024 жылдың күзіне жоспарланғанымен, 2026 жылға шегерілді.
Абай мен Масаншы көшелерінің қиылысындағы қаңырап бос тұрған бұл ғимарат көпшілікке теміржол ауруханасы ретінде жақсы таныс. Көп жылдан бері бос тұрған нысан үйсіз адамдардың мекеніне айналған.
Сынған терезелер, қираған есіктер, суретке толы қабырғалар — үйреншікті көрініске айналған. Қазір ғимарат арнайы қоршаумен жабылған.
Бұрынғы аурухананың орнында қалалық балаларды оңалту орталығын ашу жоспарланып отыр.
Қалалық құрылыс басқармасының Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабына сәйкес, жобалық-сметалық құжаттама 2025 жылғы ақпанда мемлекеттік сараптамаға жіберілген. Алайда сәуірде «Мемсараптама» мамандары бірқатар ескерту анықтап, теріс қорытынды шығарған.
— Қазіргі уақытта жобалық құжаттамаға «Конструктивтік шешімдер» бөлімі бойынша түзетулер енгізілді, сондай-ақ «Мемсараптама» РМК ескертулеріне сәйкес техникалық тексеру қорытындысы қайта қаралды. 2025 жылғы қыркүйектің соңына дейін жаңартылған жұмыс жобасы қайта сараптамаға жолданады, — деді құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Арафат Марат.

Құрылыс-монтаж жұмыстары 2026 жылдың бірінші тоқсанына белгіленіп отыр.
Бұрынғы Түрксіб ауруханасының ғимараты 1950 жылы сәулетші Михаил Кудрявцевтің жобасы бойынша салынған. Бұл нысан қаладағы «ұлттық стильдегі» сирек сақталған ғимараттардың бірі саналады, онда классикалық және өңірлік дәстүрлердің синтезі көрініс тапқан. 2021 жылы ғимарат коммуналдық меншікке беріліп, оны қайта жаңарту жоспары жарияланған еді.
Алғашқыда құрылыс жұмыстарын 2022 жылдың қарашасында аяқтау жоспарланған еді, бірақ мерзім бірнеше рет — әуелі 2024 жылдың қазан айына, кейін 2025 жылдың мамырына шегерілді.
Айта кетейік, бұл нысанды қайта құруға бюджеттен 5,3 млрд теңге бөлінеді.
Алматыда біраз жылдар бойы қараусыз қалған не жөндеу көрмеген ғимараттар баршылық.
Бұған дейін Kazinform тілшісі жауапты ведомстволарға сауал жолдап, қаладағы бірнеше маңызды нысан бойынша жоба-жоспарды анықтаған еді.