Алматыда бұзылған ескі үйлердің орнында көпқабатты үйлер салынып жатыр
Алматы қаласының Жетісу ауданында 161 ескі үй бар. Оның ішінде 18 үй сүріліп, олардың орнына жаңа үйлер салынды. Бұл туралы Алматы қаласы Жетісу ауданының әкімі Гүлнар Көкебаева өңірлік коммуникациялар қызметі брифингінде айтты, деп хабарлайды Kazinform.
Спикердің сөзінше, Алматыда тұрғын үй қорын жаңарту бағдарламасы Алматы қаласының 2040 жылға дейінгі бас жоспары аясында жүзеге асырылып жатыр.
«Райымбек даңғылында орналасқан ескі екі қабатты үйлердің орнында жаңа 12 қабатты үйлер салынғанын байқаған шығарсыздар. Сондай-ақ Боткин көшесінде 9 қабатты үйлер салынды. Бұл ретте бірінші кезекте тұрған барлық тұрғын қоныстанды. Қазіргі таңда үшінші кезек бойынша үйлерді сүру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар Дулыға, Азов және Сүйінбай көшелеріндегі және ішінара Грибоедов көшесі бойынша тозығы жеткен үйлердің тұрғындарының өтінішімен олар жаңа үйлерге көшірілді. Тұрғындардың бір бөлігі Түрксіб, Алатау аудандарына көшірілді», - деді Гүлнар Көкебаева.
Оның сөзінше Жетісу ауданында бүгінгі күні сүрілмеген 138 ескі үй қалды. Алдағы жақын уақытта жаңарту бағдарламасы аясында оның 28-ін бұзу жоспарланған. Сүрілген ғимараттардың орнына 40 үй салу жоспарда бар.