Алматыда дәрігерге көз жарақатымен келушілер саны артты

дәрігер
Фото: Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда көз жарақатының саны артты. Бұл туралы Орталық қалалық клиникалық аурухананың офтальмология бөлімшесінің меңгерушісі Гүлзат Әбдрайымова айтты.  

Дәрігердің пікірінше, жарақат санының артуы жөндеу және құрылыс жұмыстарының көбеюіне байланысты болып отыр.

«Жазғы маусымның басталуымен көз жарақаттары жиілеп кетті. Аптасына ауруханаға жуғыш зат және бояумен, көз контузиясымен, жиһаз қапсырмасы, шеге, плитка бөлшегі тесіп өткен жарақаттармен 4-5 науқас түседі»,- деді ол.

Офтальмолог көзіне шеге кіріп кеткен науқас туралы айтты.

«Жанарына бөгде зат кіріп кеткен науқасқа катаракта диагнозы қойылды. Линзаны жасанды линзаға ауыстыру жүргізіліп, перифериялық көру сақталды. Науқас қазір үйіне шығарылды. Сондықтан, егер сіз жөндеу жұмыстарын бастаған болсаңыз, қауіпті құралдармен жұмыс істегенде көзілдірік киюге және химиялық заттарды қолданғанда абай болуға шақырамын», - дейді дәрігер.

Сонымен қатар дәрігер офтальмологқа уақтылы бару аурудың асқынуының алдын алуға және көз саулығын сақтауға көмектесетінін жеткізді.

«Орталық қалалық клиникалық ауруханада офтальмологиялық қызметтің кең спектрін ұсынатын офтальмологиялық бөлімше жұмыс істейді. Мұнда МӘМС және Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында отаның барлық түрі жасалады. Көздің күйіп қалуы мен жарақаттануы кезінде шұғыл көмек тәулік бойы қабылдау бөлімінің офтальмологиялық кабинетінде көрсетіледі. Айта кету керек, қызметтің барлық түрі тек 18 жастан асқан ересек науқастарға ұсынылады»,-деп түйіндеді сөзін Гүлзат Әбдрайымова.

Соңғы жаңалықтар
telegram