Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Алматыда дәрігерлер 5 келіден асатын жатыр миомасын сәтті алып тастады

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматының № 2 қалалық перинаталдық орталығына жүктіліктің 35-аптасында қағанақ суы мерзімінен бұрын кеткен 40 жастағы жүкті әйел шұғыл түрде жеткізілді. Тексеру барысында дәрігерлер ұрықтың өміріне қауіп төндіретін қан айналымының бұзылуын анықтады. Осыған байланысты шұғыл кесарь тілігін жасау туралы шешім қабылданды.

Алматыда дәрігерлер 5 келіден асатын жатыр миомасын сәтті алып тастады
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, ота кезінде мамандар көлемі 20×25 сантиметр болатын алып миоманы анықтады. Жағдай айқын жабысқақ үдеріспен күрделене түскен: ішек жатырға тығыз жабысып қалған.

Клиникалық жағдайдың күрделілігін ескере отырып, № 2 қалалық перинаталдық орталықтың директоры Светлана Рақымова шұғыл операцияны жедел ұйымдастырып, хирургиялық араласуға Алматы онкологиялық орталығының онкогинекологы Райхан Болатбекованы тартты.

— Дәрігерлердің бірлескен күш-жігерінің арқасында сәбиді аман-есен дүниеге әкеліп қана қоймай, науқастың жатыры мен репродуктивтік функциясын сақтай отырып, салмағы 5,1 келі болатын алып ісікті де алып тастауға мүмкіндік туды. Бұл әйелге болашақта қайтадан ана атануға мүмкіндік береді, — делінген хабарламада.

Салмағы 2,2 келі болатын шала туған ұл бала дүниеге келді. Туғаннан кейін сәби жаңа туған нәрестелердің реанимация бөлімшесі мамандарының бақылауында болды. Уақтылы көрсетілген медициналық көмектің арқасында оның жағдайы тұрақтанды.

Қазіргі кезде ана мен сәбидің жағдайы жақсы, олар үйіне шығарылды.

Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында 10 жыл бойы ісіктің зардабын тартып келген әйелге ота жасалғанын хабарлаған едік.