Алматыда дәрігерлер 8-қабаттан құлаған жасөспірімді аман алып қалды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы № 1 қалалық балалар клиникалық ауруханасының дәрігерлері сегізінші қабаттағы баспалдақ алаңының терезесінен құлап, ауыр жарақат алған 13 жастағы жасөспірімнің өмірін сақтап қалды.

Алматыда дәрігерлер 8-қабаттан құлаған 13 жастағы жасөспірімді аман алып қалды
Фото: Алматы денсаулық сақтау басқармасы

Алматы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жасөспірім шамамен 24 метр биіктен асфальтқа құлаған. Оны ауруханаға жедел жәрдем бригадасы жеткізген және ауруханада баланың жағдайы аса ауыр деп бағаланған.

Дәрігерлер балада бірнеше мүшенің қатар зақымданғанын, бас сүйек пен мидың жабық жарақатын, мидың соғылуын, қол-аяқ сүйектерінің көптеген жерден сынғанын, кеуде және құрсаққуысы ағзаларының зақымданғанын анықтаған. Науқас шұғыл түрде анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөліміне жатқызылған.

— Бала ауруханаға түскен кезде оның жағдайы аса ауыр болды. Дереу шокқа қарсы шаралар қабылданып, қан айналымын тұрақтандыруға және ағзаның өмірлік маңызды қызметтерін сақтауға бағытталған қарқынды ем басталды. Алғашқы екі тәулікте реаниматологтардың басты міндеті науқастың жағдайын тұрақтандыру болды. Жағдайы біршама түзелгеннен кейін бала қажетті хирургиялық көмек көрсету үшін операциялық бөлмеге жеткізілді. Отадан кейін елеулі асқыну болған жоқ. Кейін жағдайы жақсаруына байланысты науқас бейінді бөлімшеге ауыстырылды, — деді № 1 қалалық балалар клиникалық ауруханасы реанимация бөлімінің меңгерушісі Медетәлі Мақұлбеков.

Алматыда дәрігерлер 8-қабаттан құлаған 13 жастағы жасөспірімді аман алып қалды
Фото: Алматы денсаулық сақтау басқармасы

Жасөпірімге травматологтар мен реаниматологтардан құралған медициналық топ барлығы төрт ота жасады.

— Болған жағдайдың қаншалықты ауыр екенін сөзбен жеткізу қиын. Сегізінші қабаттан құлау — аса ауыр жарақат. Мұндай жағдайда баланың аман қалуының өзі үлкен ғажайып деуге болады. Біздің команда қажетті медициналық көмекті дереу көрсетуге кірісті. Алған жарақаттарының сипатымен ауырлығын ескере отырып, төрт ота жасау туралы шешім қабылданды. Барлық ота сәтті өтті. Алда баланы әрі қарай емдеу, қалпына келтіру және оңалту кезеңдері күтіп тұр, — деді № 1 қалалық балалар клиникалық ауруханасы директордың орынбасары Құрметбек Тоқтар.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда 8 жастағы баланың миына күрделі ота жасалды.