Алматыда дәрігерлер көзіне тас кірген науқастың көру қабілетін сақтап қалды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда Орталық қалалық клиникалық аурухананың (ОҚКА) офтальмологтері науқастың көзінен тас сынығын алып шықты.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жас жігіт балғамен тас шағып жатқан сәтте көзіне жоғары жылдамдықпен сынық кіріп кеткен және көздегі бірнеше қабықшаны тесіп өткен.
Ол ауруханаға жеткізілген соң, жарақаты өте ауыр екені анықталған: қасаң қабық, көз бұршағы, нұрлы қабық және көздің терең құрылымдары зақымдалды.
— Тас сынығы көздің ішіне терең еніп кеткен. Біз күрделі ота жасадық. Қабықшаны тігіп, жарақаттан пайда болған катарактаны алып тастадық, көз бұршағын бекітіп, нұрлы қабыққа пластика және витрэктомия жасадық. Ота барысында сынықты тауып, алып шықтық, содан кейін көздің құрылымын сақтау үшін силикон майын енгіздік, — деді офтальмология бөлімшесінің меңгерушісі Гүлзат Әбдірайымова.
Мамандар таспен және басқа да қатты материалдармен жұмыс істеу кезінде ауыр жарақат алу қаупі бар екенін еске салды. Сондай-ақ мұндай жұмыстарды орындау кезінде қорғаныш көзілдірігін кию міндетті екенін атап өтті.
Еске салайық, Түркістанда екі батарейка жұтып қойған тоғыз айлық сәбиге ота жасалды.