Алматыда егде жастағы науқастарға наркозсыз жүрек қақпақшасын ауыстыру отасы жасалды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы кардиология орталығында транскатетерлік имплантация (TAVI) әдісімен аорталық қақпақшаны ауыстыру бойынша екі жоғары технологиялық ота сәтті жүргізілді. Аз инвазивті араласу аорталық қақпақшаның критикалық стенозы диагнозы қойылған 72 және 77 жастағы науқастарға жасалды. 

Алматыда егде жастағы науқастарға наркозсыз жүрек қақпақшасын ауыстыру отасы жасалды
Фото: Алматы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бұл отаның басты ерекшелігі — наркоздың қолданылмауы. Науқастар есін сақтап, ота барысын жеңіл көтерді. Мұндай тәсіл асқыну қаупін едәуір азайтып, сауығу үдерісін жеделдетеді. Бұл, әсіресе, қосымша сырқаты бар егде жастағы адамдар үшін өте маңызды.

— Аорталық қақпақшаның критикалық стенозы кезінде жүрек сол жақ қарынша мен қолқа арасындағы қысымның шамадан тыс айырмашылығына байланысты ауыр жүктеме түседі. Уақытылы медициналық көмек көрсетілмесе, бұл жүрек бұлшықетінің әлсіреп, жиырылу қабілетінен айырылуына әкеледі, — делінген хабарламада.

Интервенциялық кардиолог Оразбек Саховтың айтуынша, миокардтың қалпына келу мүмкіндігі әлі сақталған сәтті өткізіп алмау аса маңызды.

— Ауру асқынып кеткен жағдайда, қақпақшаны сәтті ауыстырғанның өзінде жүректің бұрынғы қалпы мен қызметін толық қалпына келтіру әрдайым мүмкін бола бермейді, — дейді ол.

Ота кеуде қуысын ашпай жасалады. Қақпақша сан артериясы арқылы жүрекке жеткізіліп, рентген және ультрадыбыстық бақылаумен орнатылады. Кардиология орталығында мұндай жоғары технологиялы оталар үш жылдан астам уақыт бойы сәтті жүргізіліп келеді. Осы кезеңде 80-нен астам күрделі ота жасалған.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда дәрігерлер жүкті әйелдің сәбиіне зиян келтірмей жүрекке ота жасағанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар