Алматыда екі бағыт бойынша автобустар жаңарды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда №52 және №24 бағыттар бойынша автобустар жаңарып, жылжымалы бірлік саны артты.

Мегаполисте №52 бағыттағы орташа дизельді автобустарды сыйымдылығы жоғары газбен жүретін автобустар алмастырды. Сонымен қатар қоғамдық көліктегі жолаушылар тасымалына жоспарлы шығуы жұмыс күндері 16-дан 25 бірлікке дейін, демалыс күндері 14-тен 20 бірлікке дейін ұлғайтылды. Соның нәтижесінде жоспарлы аралық жұмыс күндері 11-ден 9 минутқа дейін және демалыс күндері 14-тен 11 минутқа дейін қысқарды.
«Сондай-ақ қала тұрғындарының өтініші бойынша №24 маршрутқа «Yutong» маркалы сыйымдылығы жоғары автобустар шығарылды. «Өжет шағын ауданы - Солтүстік» – «Экобекет» қатынасындағы маршруттағы жылжымалы құрамның саны 12 бірлік, жоспарлы қозғалыс аралығы 15 минут», - деп хабарлады қалалық әкімдіктен.
Бұған дейін «Асыл арман» шағын ауданына баратын автобустардың жаңарғаны туралы жазған едік.
Естеріңізге сала кетейік, былтыр мегаполис басшысы Ерболат Досаевтың тапсырмасымен әкімдік 600 автобус пен 100 троллейбус сатып алып, 22 жаңа маршрут, оның ішінде 10 қала маңындағы бағыт ұйымдастырып, 50-ге жуық елді мекенді қамтыды.
Биыл тағы 600 автобус, 100 троллейбус және электр қуатымен жүретін 100 автобус сатып алу жоспарда.