Алматыда екі қабатты кафеден өрт шықты

АСТАНА. KAZINFORM – Алматының Түрксіб ауданында екі қабатты кафе ғимаратынан өрт шығып, құтқарушылар жарылу қаупі бар алты оттегі баллонын сыртқа алып шықты, деп хабарлайды Төтенше жағдайлар министрлігі.

Батыс Қазақстан облысында кафе өртенді
Фото: БҚО Төтенше жағдайлар департаменті

Өрт таңертең ерте болған. Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер ғимарат шатырының ашық жалынға оранғанын анықтады.

Барлау жұмыстары барысында кафенің қосалқы бөлмесі мен шатыры жанып жатқаны белгілі болды.

Жалынның көршілес ғимаратқа таралу қаупі туындаған. Алайда өрт сөндірушілер өрттің басқа нысанға өтуіне жол бермеді.

– Өртті сөндіру барысында құтқарушылар жану аймағынан әртүрлі көлемдегі алты оттегі баллонын сыртқа шығарып, олардың жарылу қаупінің алдын алды, – деп хабарлады министрлік.

Өрт толық сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ.

Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін Алматының Жетісу ауданындағы дәмханадан шыққан өрт 600 шаршы метр аумақты шарпыған еді. Сол кезде құтқарушылар қауіпті аймақтан бес газ және екі оттегі баллонын алып шығып, ықтимал жарылыстың алдын алған болатын.